Жаңаөзенде 15 миллион теңгенің алтын бұйымын ұрлады деп күдіктелген 19 жастағы жігіт ұсталды
Жаңаөзенде 19 жастағы жігітке 15 миллион теңге тұратын алтын бұйымды ұрлады деген айып тағылды. Оқиға 10 қазанда сауда орталығының екінші қабатында орналасқан зергерлік дүкенде болған.
Күдікті дүкенге заңсыз кіріп, 24 жұп алтын сырға мен 24 алтын сақинаны алып кеткені анықталды. Дүкен иесі ұрлықты бейнебақылау камералары арқылы байқаған. Келтірілген шығын көлемі – 15 миллион теңге.
15 қазанда полиция ұрлық жасады деген күдікпен азаматты ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындап, ұрланған бұйымдарды сатып жібергенін айтқан.
Қазір полиция ұрланған алтын бұйымдарды іздестіріп жатыр. Бұл оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша іс қозғалды. Тергеу жалғасуда.
Дереккөз: gov.kz



