Общество

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту: 2026 жылы 10,8 мың адам жұмысқа орналасты

2026 жылдың басынан бері мемлекеттің жұмыспен қамту шаралары арқылы 10,8 мың мүгедектігі бар азамат еңбек нарығына қосылды. Бұл азаматтардың 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасты.

Жұмысқа орналасу және қолдау шаралары

1 қазанға дейін мансап орталықтарына 29,5 мың мүгедектігі бар азамат өтініш берген. Соның ішінде 18,2 мыңы жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысты. 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, 499 адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасты.

Жұмыс орындарына квота және арнайы жұмыс орындары

Жұмыс орындарына квота белгілеу мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтудың негізгі құралдарының бірі саналады. Әлеуметтік кодекске сәйкес, 50 және одан көп қызметкері бар ұйымдарда жалпы штаттың 2-4 пайызы көлемінде квота бөлінеді. Бұл шара ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін орындарға қолданылмайды.

2026 жылы мүгедектігі бар 16 706 адам үшін жұмысқа орналастыруға квота белгіленді. Екінші тоқсан қорытындысы бойынша, осы квота аясында шамамен 6,2 мың адам жұмысқа тұрды. 2025 жылғы квота бойынша 16 719 жұмыс орны бөлініп, оның 8,1 мыңы қамтылды (48%).

Арнайы жұмыс орындарын ашу және жалақыны субсидиялау

2026 жылдың 1 қазанына дейін 47 арнайы жұмыс орны ашылды: 25-і есту қабілеті бұзылған, 12-сі көру қабілеті бұзылған, 10-ы тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған. Арнайы жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, мүгедектігі бар қызметкерлердің жалақысы субсидияланады. Биыл осындай субсидия 235 қызметкерге төленді: 19-ы 2026 жылы, 105-і 2025 жылы, 111-і 2024 жылы жұмысқа орналасты.

Кәсіби оқыту және кәсіпкерлікті қолдау

Мүгедектігі бар азаматтарға жаңа мамандық игеруге, кәсіп ашуға да жағдай жасалған. Жыл басынан бері 243 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 639 адам кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, 2 375 адам сертификат алды. 2 951 адам онлайн оқуға қатысып, 2 265-і оқуды аяқтады. 1 қыркүйекке дейін 578 азамат жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік грант иеленді.

Жұмыспен қамту тетіктері және министрліктің жұмысы

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған бірнеше тетік бар. Олардың қатарында мансап орталықтары арқылы жұмыс іздеу, квота бойынша жұмысқа орналасу, арнайы жұмыс орындарын ашу, кәсіби оқыту, жалақыны субсидиялау, қайтарымсыз гранттар және жастарға арналған микрокредиттер бар. Сонымен бірге азаматтар өз бетінше де жұмысқа орналаса алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке араласу мүмкіндігін кеңейту және кәсіби дағдыларын дамыту бойынша жұмысын жалғастыруда.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button