Астанада «Чарли мен Ирэн» балетінің әлемдік премьерасы өтті
Астанадағы «Астана Опера» театрында композитор А. Кестнердің музыкасына негізделген «Чарли мен Ирэн» балетінің әлемдік премьерасы өтті. Бұл қойылымды театр труппасына арнайы Mosaica Del Arte шығармашылық ұжымы дайындады.
Балетті сахналаған хореограф – К. Радев. Спектакльде театрдың симфониялық оркестріне А. Оразғалиев дирижерлік етті. Қойылымның көркемдік шешімінде дыбыссыз кино эстетикасы пайдаланылған. Би қимылдары кинодағы монтаж тәсілдерімен үйлесім тапқан.
Балетте кезбе Чарли мен жас Ирэннің махаббат оқиғасы баяндалады. Екеуі әлеуметтік теңсіздік пен қыздың бай әкесінің қарсылығына қарамастан бірге болуға талпынады. Қойылымда әзіл мен драма сәттері алма-кезек орын алады.
Басты рөлдерді Д. Зайдин мен Ш. Әдепхан орындады. Жобаның дайындық жұмысына балет труппасының көркемдік жетекшісі А. Асылмұратова басшылық етті. Сахна безендіруін А. Капустина мен Н. Шахматова әзірлесе, костюмдерді И. Чапурин тіккен.
Қойылым соңында көрермендер әртістерге зор қошемет көрсетті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дереккөз: gov.kz


