Экономика

Су есепке алу құралдарына қатысты жаңа ережелер енгізілді

Су есепке алу құралдарына өзгерістер енгізілді

2026 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің № 538 бұйрығымен елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі су есепке алу құралдары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл бұйрық 2026 жылғы 28 қазанда Әділет министрлігінде тіркеліп, 2026 жылғы 9 қарашадан бастап күшіне енді.

Су есептегіштерді ауыстыру міндетті емес

Жаңа өзгерістерге сәйкес, қолданыстағы жарамды су есепке алу аспаптарын міндетті түрде ауыстыру талап етілмейді. Бұрын орнатылған есептегіштер мерзімдік салыстырып тексеруден уақытында өтіп тұрса және толық тозбаған немесе жарамсыз деп танылмаған жағдайда қолданыла береді.

Қашықтан дерек беретін құралдарға қойылатын талаптар нақтыланды

Деректерді қашықтан беретін су есептегіштер тек бастапқы орнату кезінде, не болмаса бұзылған, жарамсыз деп танылған немесе толық тозған аспаптарды ауыстырғанда, сондай-ақ Су кодексінің 107-бабында көрсетілген жағдайларда қойылады. Бұған дейін орнатылған және басқа технологияларды қолданатын аспаптар толық тозғанға немесе істен шыққанға дейін пайдалануға болады.

Технологиялық бейтараптық және таңдау еркіндігі

Қағидаларға сәйкес, енді деректерді қашықтан берудің нақты технологиясы көрсетілмейді және су есепке алу аспаптарына жапқыш клапанмен міндетті түрде жабдықтау талабы алынып тасталды. Бұл таңдау мүмкіндігін, оның ішінде отандық құралдарды пайдалануды кеңейтеді.

Жауапкершілік пен қызмет көрсету тәртібі нақтыланды

  • Жеткізуші теңгеріміндегі аспаптарға – жеткізуші жауапты;
  • Су тұтынушының меншігіндегі аспаптарға – тұтынушы жауапты;
  • Құрылысы аяқталмаған нысандарда – пайдалануға берілгенге дейін тапсырыс беруші немесе құрылыс салушы жауап береді;
  • Жеткізуші теңгерімінде жоқ ортақ үйлік аспаптарға – кондоминиум нысанын басқару органы жауапты.

Су тұтынушылар, кондоминиум нысандарының басқару органдары мен құрылыс салушылар пломбалар мен жабдықтың сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жеткізуші өкілдерінің тексеру және қызмет көрсету үшін қол жеткізуіне жағдай жасауы тиіс.

Қорек элементтерін ауыстыру тәртібі

Қорек элементтерін ауыстыру мәселесі жеке реттеледі. Кепілдік мерзімі ішінде істен шыққан элементтерді өндіруші немесе оның уәкілетті ұйымы ауыстырады. Егер қорек элементі автономды бөлікте орналасса және оны ауыстыру есепке алу құралдарына әсер етпесе, қосымша салыстырып тексеру талап етілмейді.

Қағидалардың қолданылмайтын жағдайлары

Бұл талаптар орталықтандырылмаған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне, сондай-ақ табиғи су көздерінен алынатын суды бастапқы есепке алуға қолданылмайды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button