Қоғам

Қазақстанда климаттық инвестицияларды тарту платформасы таныстырылды

10 қараша күні БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның Ұлттық павильонында елдің Климаттық инвестициялар платформасы (QCIP) таныстырылды. Бұл платформа мемлекеттік органдарды, халықаралық қаржы институттарын, климаттық қорларды, инвесторлар мен жобалар әзірлеушілерін біріктіретін, қаржыландыруды үйлестіруге және тартуға арналған ұлттық тетік болып табылады.

Pлатформаның негізгі мақсаты – басым климаттық жобалардың портфелін қалыптастыру, олардың инвестициялық тартымдылығын және дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ ішкі және халықаралық капиталды тартуды қамтамасыз ету. QCIP Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен жұмыс істейді, ал оның хатшылығы Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының (IGTIC) базасында орналасқан.

Платформаның құрылымы мен салалық бағыттары

QCIP экономиканың барлық салаларын қамтып, климаттық бастамаларды іске асыруда мемлекеттік органдар мен халықаралық серіктестердің күш-жігерін үйлестіруге арналған алаң ретінде қызмет етеді. Оның негізгі салалық бағыттарының бірі – Қазақстанның Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі инвестициялық платформасы (QaJET). Бұл бағытты Энергетика министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) бірлесіп әзірлеп жатыр.

QaJET платформасының басты мақсаты – 2035 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің қуатын кемінде 10 ГВт-қа жеткізу, электр желілерін жаңғырту, энергия жинақтау жүйелерін дамыту және тұтынушыларды электрлендіруді қамтамасыз ету.

Меморандумдарға қол қойылды

Конференция аясында екі меморандумға қол қойылды. Біріншісі – Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Энергетика министрлігі және ЕҚДБ арасындағы QaJET платформасы бойынша серіктестік туралы. Бұл құжат платформаның ресми түрде іске қосылғанын білдіреді. Екінші меморандум – Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы мен Қазақстанның Даму Банкі арасында QaJET бағытында ынтымақтастық орнату жөнінде жасалды.

Қазақстанның климаттық міндеттемелерін іске асырудағы жаңа қадам

QCIP платформасының іске қосылуы Қазақстанның климаттық міндеттемелерін нақты инвестициялық жобаларға айналдырудағы маңызды кезең болды. Бұл бастама халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және төмен көміртекті экономиканы дамытуға жеке капитал тартуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button