Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы қандай шаралар қабылдап жатыр
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров COP31 конференциясының екінші күні климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдар жөніндегі бірнеше маңызды халықаралық шараға қатысты. Ол Даму жөніндегі көпжақты банктер ұйымдастырған және климаттық саясаттан бастап қаржыландыру мен іске асыруға дейінгі қолдау мәселелері қаралған жиынға қатысты.
Климаттық іс-қимылдарды қаржыландыруға халықаралық қолдау
Министр Әлібек Қуантыров БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының ресми шарасына қатысты. Бұл іс-шараға Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Қара теңіз сауда және даму банкі, Германияның KfW банкі және ОПЕК Халықаралық даму қоры қатысты.
Қазақстан өкілі климаттың өзгеруіне қарсы күресте сенімді энергетика, тұрақты экспорт және климаттық тәуекелдерге төзімділік басты бағыт екенін атап өтті. Ел 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету стратегиясын қабылдап, 2035 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 17%-ға азайту міндетін алды.
Ұлттық климаттық қаржыландыру платформасы құрылуда
Экология және табиғи ресурстар министрлігі климаттық жобалар үшін бірыңғай ұлттық қаржыландыру платформасын әзірлеуде. Жаңа жүйе мемлекет, бизнес және қаржы ұйымдарын бес басым саладағы жобалар төңірегінде біріктіреді. Бұл инвесторлар үшін бірыңғай кіру нүктесіне айналып, перспективалы бастамаларды инвестиция тартуға дайын жобаға жеткізуге мүмкіндік береді.
Платформа аясында әр жобаға ең тиімді қаржыландыру көзін – көпжақты қорларды, даму банктерін немесе жеке инвесторларды анықтауға қолдау көрсетіледі. Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп іске асып жатқан Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі елдік инвестициялық платформа (QaJET) осы бастаманың алғашқы салалық бағыты ретінде белгіленді.
Дереккөз: gov.kz



