Минималды жалақы 2027 жылы 110 мың теңгеге дейін өседі – Ұлттық экономика министрлігінің жоспары
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалығымен Президент жолдауында айтылған негізгі міндеттерді іске асыру жолдары талқыланды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, салық саясаты, инвестиция тарту және мемлекеттік басқару реформасы бойынша атқарылатын шаралар туралы баяндады.
Минималды жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі
Азамат Әмриннің айтуынша, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін экономиканың сапалы дамуы мен инфляцияны тежеу басты назарда болады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі айлық жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл мақсатқа қажетті қаржы кезекті үш жылдық бюджетте көзделеді. Инфляцияны төмендету үшін баға белгілеу мен тариф саясатын қатаң бақылау жалғасады.
Кәсіпкерлікті қолдау және тексерістерге мораторий
Бизнес субъектілерін ірілендіру үшін орта бизнесті дамыту жоспары әзірленуде. Бұл құжат ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және әкімшілік ауыртпалықты азайту тетіктерін бекітеді. Сонымен қатар, шағын және микробизнес субъектілері үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қатысу талаптары жеңілдетіледі. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнеске үш жылдық тексеріс және профилактикалық бақылау мораторийі енгізу мәселесі депутаттармен бірге қаралуда.
Сандық экономика және салық өзгерістері
Халықтық цифрлық экономиканы дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары маркетплейстер, банктер мен логистикалық сервистер платформаларымен біріктіріледі. Экономикалық тәуекелдерді басқару және сценарийлік талдауда жасанды интеллект қолданылады. Салық саласында бизнес қауымдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, жаңа өзгерістер пакеті дайындалды. Үлкен капитал иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу халықаралық тәжірибе негізінде қарастырылып жатыр.
Инфрақұрылым және инвестиция тарту
Президент жолдауында ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс бағыты белгіленді. Осы мақсатта Инфрақұрылымды дамыту қоры құрылды. Қор жұмысының құқықтық негіздері және қаржыландыру тетіктері Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістермен бекітіледі. Алатау қаласының арнайы құқықтық режимін жетілдіру үшін Конституциялық заңға түзетулер әзірленді, олар 2027 жылдың қаңтарына дейін Құрылтай қарауына ұсынылады. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингіне инвестициялық саясат саласында қосымша өкілеттіктер беріледі.
Мемлекеттік басқару реформасы
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту тиімділікті арттыруға және цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізуге бағытталады. Министрлік осы бағытта заңнамалық және қаржылық шараларды, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуде.
Дереккөз: gov.kz


