Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрлері келіссөз жүргізді
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Астанаға ресми сапарымен келген әріптесі Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қарсы алды, деп хабарлайды Astananews.kz сайты.
– Экономикалық тұрғыдан алғанда Ресей негізгі сауда серіктестеріміздің бірі әрі экономикамыздың ірі инвесторы. Өткен жылдың қорытындысында екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты және Мемлекет басшылары қойған 30 миллиард долларлық межеге сенімді түрде ілгерілеп келеміз. Инвестициялық ынтымақтастық та кезең-кезеңімен дамып келеді. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 29 миллиард долларға жетті. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард доллар, – деді кездесу барысында Ермек Көшербаев.
Оның айтуынша, екі елдің бірлескен жобаларының портфелі қалыптасты.
– Перспективалы бағыттар қатарында энергетика, көлік-логистикалық өзара байланыс, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бар, – деді министр.
Ермек Көшербаевтың атап өтуінше, Қазақстанда Ресейдің 9 жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істейді. Олардың қатарында халықаралық қатынастар саласы үшін ерекше маңызды Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы бар. Сондай-ақ өткен жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласында филиалының ашылуы да маңызды көрсеткіш саналады. Қазіргі таңда 60 мыңнан астам қазақстандық студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Қазақстанның 60 жоғары оқу орны Ресейдің 50 университетімен әріптестік байланыс орнатқан.


