Экономика

Қазақстан Қытайға май өнімдерін экспорттау көлемін 1 млн тоннаға дейін ұлғайтады

Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы мен оған қарасты кәсіпорындар 5–10 қарашада Шанхайдағы 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысты. Көрмедегі ұлттық павильонда Қытай нарығында сұранысқа ие отандық май өнімдерінің түрлері таныстырылды.

Соңғы жылдары Қазақстан Қытайға май өнімдерін экспорттайтын негізгі елдердің біріне айналды. 2023 жылы Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізу бойынша екінші орынға шығып, күнбағыс шротын экспорттайтын үш ірі елдің қатарына кірді. Рапс майының экспорты бойынша да еліміз алғашқы бестікке енді.

Экспорт көлемі мен негізгі серіктестер

Соңғы үш маусымда Қазақстаннан Қытайға өсімдік майы, шрот және күнжара экспорты 3,7 есеге артты. Өткен маусымда Қытайға 657 мың тонна өнім жөнелтіліп, оның жалпы құны 438 миллион АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткішке жетуде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлескен жұмыстардың үлесі зор болды.

Логистикалық жетістіктер мен жаңа жобалар

Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы май өнімдерін теміржолмен тасымалдау жоспарларын бөлу тетігі жетілдірілді. 2024 жылдың ақпанынан бері бұл бағыттағы жұмыс нәтижесінде келісілген тасымал жоспарларының орындалуы 90 пайыздан асты. 2023 жылы бұл көрсеткіш 40 пайыздан төмен болған еді.

Биыл көктемде қауымдастық «Қазақстан темір жолы» және Қытай теміржол әкімшілігімен бірге түйіршіктелген күнбағыс шротын астық тасымалдайтын вагондармен жөнелту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Жоба оң нәтиже көрсетіп, экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

Экспорт көлемі 1 млн тоннаға жетеді

Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының болжамынша, алдағы екі маусымда Қазақстанның Қытайға май өнімдерін экспорттау көлемі 1 миллион тоннаға жетеді. Бұған шикізат базасының кеңеюі, логистикалық инфрақұрылымның тиімді пайдаланылуы және жаңа өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы себеп болды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button