Өрт қауіпсіздігі: 2026 жылдан бастап жаңа нысандарға қойылатын талаптар
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап биіктігі 28 метрден жоғары жаңа нысандар мен адамдар көп жиналатын ғимараттарды пайдалануға беру үшін өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу қажет.
Өрт қауіпсіздігі қорытындысын алу тәртібі
Қорытынды алу үшін өрт қауіпсіздігі бойынша барлық талаптардың орындалуы міндетті. Ең алдымен, өртке қарсы қорғау жүйелері, өрт дабылы, адамдарды хабардар ету мен эвакуациялауды басқару жүйелерінің жұмысқа жарамдылығы, өрт сөндіру құралдарының толықтығы және эвакуациялау жолдарының ашықтығы тексеріледі.
Өрт қауіпсіздігі үшін кім жауапты
Аталған талаптардың орындалуы құрылыс кезеңінен бастап, нысанды пайдалануға бергенге дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Өрт қауіпсіздігіне жауапкершілік нысан иелері мен құрылыс және пайдалану жұмыстарына жауапты тұлғаларға жүктеледі.
Өрттің алдын алу шараларының маңызы
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі шараларын уақтылы орындау өрттің алдын алуға, адамдардың қауіпсіз эвакуациясына және қайғылы оқиғаларды болдырмауға мүмкіндік беретінін ескертеді. Өрт қауіпсіздігі – адам өмірі мен денсаулығын сақтау кепілі.
Дереккөз: gov.kz



