Здравоохранение

Алматыда ЭКҰ арқылы дүниеге келген алғашқы баланың 30 жылдығына арналған халықаралық конгресс өтіп жатыр

Алматыда Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының XVIII халықаралық конгресі өз жұмысын бастады. Іс-шараға 25 мемлекеттен 1000-нан астам маман жиналды. Конгресс елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен дүниеге келген алғашқы баланың 30 жылдығына арналды. Бұл тарихи оқиға 1996 жылы 31 шілдеде тіркелген.

Репродуктивтік денсаулықты қолдау шаралары

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова форумға жолдаған құттықтауында Қазақстанда репродуктивтік денсаулықты қорғау барлық кезеңде маңызды екенін атап өтті. Елде отбасын қолдау, репродуктивтік жүйе ауруларының алдын алу және емдеу, жүктілікке дайындық пен ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында кешенді шаралар жүзеге асып жатыр.

Соңғы бес жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде ана өлімі 4 есе, нәресте өлімі 30%-ға төмендеді. Министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЭКҰ бағдарламаларын қаржыландыру көлемі 7 есе артқан. 2021–2025 жылдары «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 34 мыңға жуық әйелге ЭКҰ жасалып, 13 мыңнан астамы жүктілікке тіркелді, ал 11 мыңнан астам сәби дүниеге келді.

ЭКҰ технологиялары мен нәтижелері

Министр Ақмарал Әлназарова бұл жетістіктің артында мыңдаған отбасының ата-ана болу арманы жатқанын айтты. Оның сөзінше, осындай технологиялардың дамуы ғалымдар, эмбриологтар, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегімен байланысты.

Конгресте практикалық медицинаның жаңа бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін енгізу, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг және онкофертильділік мәселелері қаралады. Бүгінде Қазақстанда осы салада жұмыс істейтін 32 клиника бар. Жыл сайын қосалқы репродуктивтік технологиялардың 18 мыңға жуық циклі орындалады. ЭКҰ көмегімен туған балалардың жалпы саны 50 мыңнан асты.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button