Экономика

Қазақстанда жүк көліктеріне жол ақы төлеу жүйесін жаңғырту ұсыныстары қаралды

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автожолдарда ақы төлеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында жүк көліктеріне арналған жол ақысының қазіргі жүйесін жетілдіру және жол инфрақұрылымын қаржыландыру тұрақтылығын күшейту жолдары талқыланды.

Жол ақысы: негізгі ұсыныстар мен сарапшылар пікірі

Отырыста коммерциялық жүк көліктері үшін, соның ішінде Қазақстандық және шетелдік тасымалдаушыларға жол ақы төлеудің ықтимал тәсілдері қарастырылды. Ұсыныстар жеке тұлғалардың жеңіл автокөліктеріне қатысты емес. Серік Жұманғарин жолдарды күтіп ұстау мен жөндеу шығындарын бюджет есебінен жабу жалғасып жатқанын, жол инфрақұрылымын өзін-өзі қаржыландыратын жүйеге көшіру қажеттігін атап өтті.

Сақтандыру саласының тәуелсіз сарапшысы Әйгерім Қарабыйықоғлу Қазақстан мен көрші елдердегі ақылы жол тарифтерінің айырмашылығына тоқталды. Ол жол ақысын аймақтық деңгейге жақындату мен отандық тасымалдаушыларға бөлек шарт енгізу мүмкіндігін зерттеуді ұсынды. Сонымен қатар, шетелдік жүк көліктері мемлекеттік шекарадан өткенде сақтандыру тетігін енгізу ұсынылды.

Тарифтерді саралау және мониторинг құралдары

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бизнес-талдаушысы Фархад Нұркамалов көлік компаниялары үшін жылдық абонемент енгізу мүмкіндігін айтты. Бұл жүйе тасымалдаушыларға алдын ала төлем жасап, шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл тәсіл төлемдердің уақытылы жиналуына және қарыз көлемінің азаюына ықпал етуі мүмкін.

VIII сайланған Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы тарифтерді көлік құралдарының экологиялық сыныбы, шығарындылар деңгейі және жол жабынына түсетін жүктеме бойынша саралауды ұсынды. Сондай-ақ, жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талабын сақтау үшін цифрлық мониторинг құралдарын пайдалану ұсынылды.

Келесі қадамдар мен міндеттер

Отырыс қорытындысында вице-премьер мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне ұсыныстарды жан-жақты пысықтауды тапсырды. Әзірленетін тәсілдерде тасымалдаушылар мен бизнес мүддесі ескеріліп, жол инфрақұрылымын ұстау шығыстары әділ бөлінуі қажет. Бұл өзгерістер тек коммерциялық жүк көліктеріне қатысты болады. Ұсыныстарды қараша айының соңына дейін дайындап, жұмыс тобының келесі отырысында талқылау міндеттелді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button