Қазақстанда 350 млрд теңгелік 67 қалдықтарды басқару жобасы іске асуда
Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласында жалпы құны шамамен 350 миллиард теңге болатын 67 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Негізгі жобалар мен олардың бағыттары
Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жобалар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарын құру мен жаңғыртуға, арнайы техниканы сатып алуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған. Жоба портфеліндегі 41 жоба — қайта өңдеу кәсіпорындарын құру мен жаңғыртуға, 15 жоба — сұрыптау инфрақұрылымын дамытуға, ал 11 жоба — арнайы техника сатып алуға арналған.
Жобалардың 15-і қазірдің өзінде іске қосылды. Оның ішінде 9 жоба — арнайы техника сатып алуға, 3 жоба — қалдықтарды сұрыптауға, 3 жоба — қайта өңдеуге арналған. Бұл жобалар аясында 131 арнайы техника алынған, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын нысандар мен 19,3 мың тонна шиналар мен макулатураны қайта өңдейтін кәсіпорындар пайдалануға берілді. Нәтижесінде 523 жаңа жұмыс орны ашылды.
Аймақтық жобалар және инвестициялық әлеует
Инфрақұрылымдық жобалар облыс орталықтарымен қатар, аудан және ауылдық елді мекендерде де іске асырылып жатыр. Мысалы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында сұрыптау кешені іске қосылды, Атырау облысы Құлсары қаласында арнайы техника паркі жаңартылды, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құркелес ауылында макулатураны қайта өңдеу жобасы іске асты.
Жоба портфелін толық іске асыру арқылы 178 арнайы техника сатып алу, сұрыптау қуатын жылына 2,3 млн тоннаға, қайта өңдеу қуатын 1,1 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашу көзделген.
Қаржыландыру көлемі мен жоспарлар
Бүгінде жобаларды қаржыландыру көлемі 185 млрд теңгені құрайды. Қарыздар Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 пайыздық мөлшерлемемен 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бағдарламаның жалпы көлемін 385 млрд теңгеге дейін ұлғайту және мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аудандық және ауылдық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға өз қаражатын қоспай-ақ бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беріледі.
2031 жылдан бастап қайтарылған қаражатты жаңа жобаларды қолдауға бағыттайтын револьверлік қаржыландыру тетігін енгізу қарастырылған.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және жаңа зауыттар
Саланы дамытудың тағы бір бағыты — қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату. 2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай зауыттар салу үшін Қытай компанияларымен үш инвестициялық келісім жасалды. Инвестиция көлемі 293 млрд теңге немесе шамамен 650 млн АҚШ долларын құрайды. Нысандарды 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Бұл зауыттар қалдықтарды полигондарға көму көлемін азайтып, электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қарағандыда да осындай жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Саланы кешенді жетілдіру және жаңа тұжырымдама
Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру үшін 2026–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама қабылданды. Бұл құжат қалдықтарды басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын құру, әрбір қалдық түріне жеке ереже әзірлеу, қайталама ресурстар нарығын дамыту және нормативтік базаны жетілдіруді көздейді.
Тұжырымдаманы үйлестіру үшін Министрлік жанынан Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы құрылды. Орталықтың міндеті — әдістемелік сүйемелдеу, ведомствоаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету және іс-шараларды бақылау.
Жалпы, жеке инвестицияларды тарту мен жаңа технологияларды енгізу қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу көлемін арттырып, полигондарға көму деңгейін төмендетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Дереккөз: gov.kz



