Образование

Павлодарда ғылым мен жоғары білімді дамыту мәселелері талқыланды

6 қараша күні Павлодардағы Margulan University-де ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова облыс тұрғындарымен кездесті. Жиынға өңірдің тұрғындары, университет оқытушылары, ғалымдар мен студенттер қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау жолдары сөз болды. Әсіресе, жоғары білімнің қолжетімділігі, студенттерді әлеуметтік қолдау, ғылымды дамыту және еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мәселелері қозғалды. Динара Щеглова білім беру жүйесіндегі негізгі көрсеткіштер мен мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды. Оның айтуынша, елімізде 132 жоғары оқу орнында 806 мыңнан астам студент оқиды. Соңғы жылдары бакалавриат бойынша шәкіртақы екі есе, магистратура мен докторантура бойынша 1,75 есе өскен.

Ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдау

Кездесуде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, жеке инвестиция тарту, отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселелері де айтылды. Вице-министрдің сөзінше, ғылымды дамытудың басты бағыты – ғылыми нәтижелерді ел экономикасының нақты сұранысына бағыттау. Қазіргі таңда 241 ғылыми әзірлеме нарыққа шығарылған. Сондай-ақ, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, бизнесті ынталандырудың жаңа тәсілдері енгізілуде.

Жасанды интеллект және цифрлық дағдылар

Жиында жоғары білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, студенттердің цифрлық құзыреттерін арттыру және халықаралық білім платформаларымен ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. Бүгінгі таңда 31 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бойынша 44 бағдарлама іске асырылып жатыр. AI-Sana жобасы аясында 706 мың студент оқып, 515 жоба жүзеге асқан. Сонымен қатар, соңғы үш жылда Coursera платформасы арқылы 200 мың студент 550 мың сертификат алған.

Өңірлік еңбек нарығы мен жаңа мамандықтар

Кездесуде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Наужан Дидарбекова Павлодар облысының Мамандықтар атласын таныстырды. Ол өңірде сұранысқа ие жаңа мамандықтар мен пәнаралық білім бағдарламаларының маңызын атап өтті. «QazInnovations» агенттігінің басшысы Санат Жолдыхан ғылыми-инновациялық бастамаларды мемлекеттік қолдау туралы ақпарат берді.

Тұрғындармен ашық диалог және ұсыныстар

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар сұрақ қойып, толық жауап алды. Министрлік өкілдері Margulan University-дің ғылыми инфрақұрылымын, цифрландыру және жасанды интеллект кеңсесін, зертханалардың жұмысын көрді. Сондай-ақ, вице-министр тұрғындарды жеке қабылдап, ғылым мен жоғары білімге қатысты өтініштерін қарады. Барлық ұсыныстар мен мәселелер бақылауға алынды.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button