Атырауда Құрылтай депутаттары мұнай-газ-химия кәсіпорындарының жұмысымен танысты
Атырау облысында Құрылтай депутаттары «Мұнай газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын қарау аясында өңірдегі мұнай-газ-химия кәсіпорындарына барып қайтты. Бұл іс-шараны KAZENERGY қауымдастығы Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және салалық ұйымдармен бірлесіп өткізді.
Депутаттар қандай кәсіпорындарды аралады
Сапардың алғашқы күні депутаттар «Eskene LPG» ЖШС-нің сұйытылған мұнай газын қабылдау, ауыстырып тиеу және фракциялау терминалында болды. Сондай-ақ, «GPC Investment» ЖШС-нің газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына барып, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Мұнан бөлек, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы инфрақұрылым мен сол аумақтағы жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан өндіріс орындары көрсетілді. Депутаттар «Бутадиен» ЖШС-нің бутадиен өндіру зауытының, «Silleno» ЖШС-нің полиэтилен шығару зауытының, «Karabatan Utility Solution» ЖШС-нің инфрақұрылым нысанының және «Интаго Қазақстан» геосинтетикалық материалдар зауытының жұмысы туралы ақпарат алды.
Заң жобасын талқылау және ұсыныстар
Бағдарламаның екінші күні қатысушылар Атырау мұнай өңдеу зауытында, сондай-ақ TEXOL компаниялар тобына қарасты Атырау вагон жасау зауытында болып, мұнай өңдеу технологиясы мен өндірістік қондырғыларды көрді.
Сапар соңында мемлекеттік органдар мен кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Онда «Мұнай газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасының негізгі тұстары қаралды. Шикізатпен қамтамасыз ету, терең өңдеуді дамыту, инвестициялық және технологиялық кедергілерді жою мәселелері қозғалды. Қатысушылар ұсыныстары жүйеленіп, заң жобасын дайындау кезінде ескеріледі.
Дереккөз: gov.kz


