Культура

Алматыда кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті

Алматыдағы Ұлттық кітапханада кітап оқу мәдениетін ілгерілету және кітап индустриясын дамыту мәселесі бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл шара Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес өтті.

Кездесуге мемлекеттік органдардың, мәдениет саласының өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер және баспагерлер жиналды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли министрліктің кітап оқу мәдениетін арттыру және «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны туралы айтып өтті. Оның айтуынша, марафонға қазір 1,4 миллионнан астам адам қатысуда. Іс-шара аясында 120 мыңнан аса адамды қамтыған 3 мыңға жуық кездесу өткізілген.

«Зерделі ұлт» тұжырымдамасының негізгі бағыттары

Жиында 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының жобасы кеңінен талқыланды. Құжатта кітап оқу мәдениетін жүйелі дамыту, отандық авторлар мен баспаларды қолдау, кітапханаларды жаңғырту және кітап оқуды халықтың тұрақты дағдысына айналдыру жоспарлары қамтылған.

Кітапқа қолжетімділікті арттыру мәселесі

Дөңгелек үстел барысында кітаптың оқырманға қолжетімділігін қамтамасыз ету, қалаған шығарманы оңай табу мүмкіндігін жасау қажеттігі айтылды. Қатысушылар отандық баспа ісін жетілдіру және кітапханалардың оқырман тарту жұмысын дамыту жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button