Stadler жаңа вагондары Астана – Алматы және Астана – Семей бағытында іске қосылады
5 қарашадан бастап Stadler компаниясының жаңа жолаушылар вагондарымен жабдықталған №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» және №153/154 «Нұрлы жол – Семей» бағытындағы пойыздарға билеттер сатыла бастады. Бұл пойыздар алғашқы рейстерін Астанадан Алматыға 11 қарашада, ал Семейге 13 қарашада орындайды. Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол вокзалдарындағы кассалардан сатып алуға болады.
Жаңа вагондар қашан іске қосылады
Stadler вагондары Мемлекет басшысының жолаушылар вагондарын жаңарту тапсырмасы аясында пайдалануға берілуде. Келісімшарт бойынша, 2030 жылға дейін елімізде 557 жаңа жолаушылар вагоны кезең-кезеңімен жеткізіледі және оларға сервистік қызмет көрсетіледі. Вагондар Stadler Kazakhstan зауытында еліміздің климаттық ерекшеліктеріне сай өндіріледі.
Вагондардың техникалық мүмкіндіктері
Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған. Жаңа вагондарда заманауи климат-бақылау жүйесі, жеке жарықтандыру, 220 В электр розеткалары, USB және USB-C порттары, бейнебақылау орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы жағдайлар жасалған. Пойыз құрамында ыстық тағамдар мен сусындар сатылатын буфет вагоны қарастырылған.
Жаңа вагондар сапар жайлылығын арттырады
Жолаушылар вагондары паркін жаңарту арқылы сапар кезіндегі жайлылық пен қызмет көрсету сапасы жақсарады. Бұл жаңашылдықтар теміржол тасымалының заманауи талаптарына толық сай келеді.
Дереккөз: gov.kz


