Enbek.kz хабарламалары Aitu ұлттық мессенджері арқылы қолжетімді болды
Enbek.kz Электрондық еңбек биржасының бірыңғай цифрлық платформасында «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба азаматтарға жұмысқа орналасу мәселелері бойынша цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен жекелей қолдау көрсетуге арналған.
Жобаның негізгі мүмкіндіктері
Қатысушыларға олардың білімі, жұмыс тәжірибесі, дағдылары мен қалаулары ескеріліп, лайықты бос жұмыс орындары ұсынылады. Сондай-ақ оқуға және жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар туралы кеңестер беріледі. Жасанды интеллект көмекшісі сұрақтарға жауап беріп, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.
Хабарламаларды алу жолдары кеңейді
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін, енді «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасынан келетін хабарламалар Aitu ұлттық мессенджері арқылы да жолданады. Бұл жұмысқа орналасу бойынша қолдау шаралары туралы ақпарат алудың қосымша мүмкіндігін береді.
Enbek.kz-тің Aitu ресми аккаунты расталды
Enbek.kz-тің Aitu желісіндегі ресми аккаунты арнайы тексеруден өтіп, растау белгісімен белгіленді. Бұл белгі пайдаланушыларға хабарламаның ресми аккаунттан келгенін нақтылауға және атауы ұқсас басқа парақшалардан ажыратуға көмектеседі.
Дереккөз: gov.kz



