Қазақстанда University of Exeter қатысуымен тау-кен ісі білімін дамыту жоспарланды
Лондонда өткен еуропалық роуд-шоу барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияның Эксетер университетінің проректоры Александра Джербасимен кездесті. Басқосу барысында тараптар Алатау қаласын дамытуға бағытталған ұлттық жоба аясында халықаралық капитал тарту мәселелерін және жоғары білім мен ғылым саласындағы қазақ-британ ынтымақтастығын талқылады.
Кездесуде тау-кен ісі және минералдық-шикізат саласына мамандар даярлайтын Ұлыбританияның жетекші оқу орындарының бірі – Camborne School of Mines қатысуымен Қазақстанда тау-кен ісі саласындағы білім беру жүйесін жетілдіру мәселесі көтерілді. Екі тарап академиялық байланыстарды нығайту, білім беру бағдарламаларын дамыту және отандық өнеркәсіпке қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін жаңа бағыттарды қарастыруға ниет білдірді.
Эксетер университетімен ынтымақтастық келісімі жасалды
Келіссөз нәтижесінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Эксетер университеті арасында ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды. Бұл құжат тау-кен ісі саласында бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруды әрі Эксетер университетінің Қазақстанда филиалын ашу мүмкіндігін қарастырады. Алдын ала жоспарланған мамандықтарға тау-кен ісі, мұнай инженериясы, озық материалтану және тұрақты дамуды басқару бағыттары енген. Жаңа бағдарламалар Қазақстан экономикасына қажетті инженерлік және басқарушы кадрларды дайындауға бағытталады.
Эксетер университетінің әлеуеті мен маңызы
Эксетер университеті 1855 жылы құрылған, Ұлыбританиядағы жетекші мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі саналады. Оқу орны Russell Group қауымдастығына мүше және QS World University Rankings 2027 тізімінде әлем бойынша 136-орында тұр. Әсіресе геология, геофизика және қоршаған орта ғылымдары салаларында жоғары нәтижелерге жеткен.
Эксетер университетімен әріптестік Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейге шығарып, алдыңғы қатарлы тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл серіктестік елдің экономикалық және технологиялық дамуына қажетті жаңа мамандарды даярлауға жол ашады. Қазіргі уақытта жоба жан-жақты қарастырылып жатыр.
Дереккөз: gov.kz


