Экономика

Президент Жолдауын жүзеге асыруға арналған Жалпыұлттық жоспар жобасы Үкіметте мақұлданды

4 маусым күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын орындау жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.

Жалпыұлттық жоспардың негізгі бағыттары

Жоспардың негізгі мазмұны туралы Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Құжатта елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 12 бағыты бойынша 96 іс-шара көзделген. Олардың ішінде «Халықтық құрылыс» жылын жүзеге асыру, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін қолдау, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бар.

Сондай-ақ, жоспарға кәсіпкерлікті дамыту, салық және қаржы жүйелерін жетілдіру, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту, еңбекақыны өсіру және педагогтердің жүктемесін азайту бағыттары енгізілген. Бұдан бөлек, стратегиялық ресурстарды басқарудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру, капитал нарығын дамыту және заңнаманы жетілдіру қарастырылған.

Президент Жолдауының орындалуын бақылау

Премьер-министр Олжас Бектенов жоспар Мемлекет басшысының бастамаларын сапалы әрі уақытылы іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Үкіметке макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік қолдауды арттыру және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Әкімдіктерге өңірлік инфрақұрылым жобаларын сапалы жүзеге асыру, әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу, су ресурстарын тиімді пайдалану міндеттелді. Сондай-ақ, заң жобаларын уақытында дайындау және Құрылтайға енгізу, жоспардағы әр тармақты қаржыландыруды мұқият пысықтау тапсырылды. Негізгі мақсат – барлық шараларды тиімді және мерзімінде орындау.

Жоспарды іске асыру мен үйлестіру жауаптылары

Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірге Президент Әкімшілігіне Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын ұсыну тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарлары өздеріне бекітілген бағыттар бойынша жоспардың орындалуын бақылап, үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button