Түркістанда этносаралық келісімді нығайтуға арналған семинар өтті
Түркістан қаласындағы Достық үйінде «Этномедиа және әлеуметтік желілер: цифрлық ортада қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастыру және өшпенділік тілінің алдын алу» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды. Бұл шараға «Ел жастары» ұйымының мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері, азаматтық қоғам институттарының өкілдері және жастар қатысты.
Семинарда әлеуметтік желілердің қоғамдық пікірге әсері және жалған ақпараттың таралуын болдырмау жолдары сөз болды. Қатысушылар бейбітшілік журналистикасының негізгі қағидаттарын, атап айтқанда, ақпаратты шынайы және бейтарап жеткізу, деректің дұрыстығын тексеру, түрлі көзқарастарды ескеру және сындарлы диалог орнату мәселелерін талқылады.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың медиасауатын арттыру, цифрлық ортадағы қарым-қатынас мәдениетін дамыту және этнос өкілдері арасындағы түсіністікті күшейту болды.
Дереккөз: gov.kz



