Общество

Ішкі істер министрлігінде Президент Жолдауын іске асыру міндеттері белгіленді

Жолдауды іске асыруға арналған жиналыс өтті

Ішкі істер министрлігінде Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыруға байланысты жедел кеңес өтті. Министр Ержан Саденов Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа кезеңіне арналған стратегиялық мақсаттарды белгілеп, қоғамдағы бірлік пен тәртіптің маңызын ерекше атап өткенін айтты. Президент бұл міндеттерді орындауда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарына маңызды рөл жүктеді.

Полиция қызметі мен қоғам алдындағы жауапкершілік

Ержан Саденов полиция қызметкерлері мемлекеттік саясатты жергілікті жерде тікелей іске асыратын негізгі күш екенін атап өтті. Полиция қызметкерлері еліміздің барлық өңірінде, ірі қалалар мен шалғай ауылдарда қызмет атқарады. Азаматтар мемлекеттік шешімдердің қалай жүзеге асырылып жатқанын полицейлердің күнделікті қызметінен көреді. Әрбір қызметкер қоғамдық тәртіпті сақтаумен бірге, заңға құрметпен қарау, адалдық және жауапкершілік көрсетуі тиіс.

Заңға бағыну мәдениеті мен жастар тәрбиесі

Кеңесте заңға бағыну мәдениетін жас кезден қалыптастыру қажеттігі айтылды. Бұл бағытта отбасы, мектеп, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысы маңызды. Жергілікті атқарушы органдармен және білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, оқушылар арасында профилактикалық шараларды күшейту, «Жас сақшы» сыныптарын кеңейту, мектеп тәлімгерлері институтын дамыту жөнінде тапсырма берілді.

Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, оларды патриоттық, спорттық және қоғамдық бастамаларға тарту міндеті қарастырылды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу тапсырылды.

Қоғаммен өзара іс-қимыл және қоғамдық тәртіп

Министр азаматтардың құқық бұзушылықтарға төзбеушілік танытып, полицияға көмектесуге дайын екенін атап өтті. Полиция азаматтардың өтініштері мен пікірін тыңдауға, қауіпсіздік мәселелерін бірге шешуге міндетті. Аумақтық басшыларға қоғамдық көмекшілер институтын кеңейту, алдын алу жұмыстарына еріктілер мен жастар бірлестіктерін тарту тапсырылды.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тек полицияның ғана емес, барлық азаматтардың жеке жауапкершілігі екені айтылды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруда вандализмге, ұсақ бұзақылыққа және қоғамдық мүлікті бүлдіруге қарсы күресті күшейту тапсырылды. Елді мекендердің тазалығы қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші ретінде бағаланды.

Инфрақұрылым және жол қауіпсіздігі

Ел инфрақұрылымын жаңғыртуға байланысты бірқатар міндеттер қойылды. Министр көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алуды, көші-қон бақылауын күшейтуді, жаңа елді мекендердегі полиция қызметін ұйымдастыруды тапсырды. Жол қозғалысы мен көлік тасымалының қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Халықаралық көлік дәліздерінің дамуына байланысты, автожолдардың жағдайына бақылауды күшейту және инфрақұрылымдағы кемшіліктерді уақтылы жою міндеті қойылды.

Жаңа әуежайлар мен теміржол желілерінің ашылуына байланысты көліктегі полиция жұмысына жағдай жасау тапсырылды.

Цифрландыру және заманауи технологиялар

Президент Жолдауын жүзеге асыруда цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың маңызы атап өтілді. Министр заманауи технологиялар полицияның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қылмыстың алдын алуға, азаматтарды тиімді қорғауға мүмкіндік беретінін айтты. Бейнебақылау жүйелері арқылы көптеген қылмыс ашылып, жыл сайын жүз мыңдаған әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіледі. Технологияларды қолдану аясын кеңейту, қызметкерлерді смарт-бейнетіркегіштермен жабдықтау тапсырылды.

Министр цифрландыруға формалды қарамауды, басты өлшем – азаматтардың нақты қауіпсіздігі екенін ескертті. Сонымен қатар интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы күреске де ерекше назар аударылды. Халықты алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтандыру, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру тапсырылды.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және ішкі талаптар

Кеңесте кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау мәселесі жеке қаралды. Экономиканы дамыту, жаңа өндірістер ашу, инвестиция тарту үшін заң үстемдігі қажет екені айтылды. Полиция меншік құқығын қорғап, кәсіпкерлікке заңсыз араласуға жол бермеуі тиіс.

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің өздеріне де жоғары талаптар қойылды. «Заң мен Тәртіп» қағидатын тек заң талаптарын мүлтіксіз орындайтын, адалдық пен әділдікке баса мән беретін қызметкерлер жүзеге асыруы тиіс.

Жауапкершілік пен негізгі басымдықтар

Кеңесті қорытындылаған министр Ержан Саденов барлық деңгейдегі басшыларға Президент тапсырмаларын сапалы орындауды міндеттеді. Басты мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың сенімін арттыру және қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру. Қойылған міндеттердің орындалуына тікелей басшылар жауап береді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button