Общество

Ақкөлдегі әскери бөлімде ТЖМ қызметкерлеріне жаңа жағдай жасалды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы әскери бөлімге барып, инфрақұрылымды жаңарту барысымен танысты. Министр әскери қызметшілердің қызмет атқару және тұру жағдайларын көріп, жаңғырту жұмыстарының нәтижелерін бағалады.

Әскери бөлімдегі инфрақұрылым жаңартылды

Әскери бөлімде қызметтік және тұрмыстық нысандарға күрделі жөндеу жүргізілді. Бақылау-өткізу пункттері, кезекші бөлім, қарауыл үй-жайлары, мәдени-демалыс орталығы және асхана толықтай жаңартылды. Сонымен қатар заманға сай спорт және жаттығу залдары, фитнес аймағы, психологиялық жеңілдеу бөлмесі мен кітапхана жабдықталды. Аумақта сыртқы жарықтандыру орнатылып, спорт алаңдары мен абаттандыру жұмыстары атқарылды.

Тұрғын қалашықта жаңа мүмкіндіктер жасалды

Тұрғын қалашықта да кең көлемді жаңғырту жүзеге асырылды. Пәтерлер мен көпқабатты үйлердің кіреберістері, ортақ пайдаланылатын орындар жөнделді. Әскери қызметшілердің отбасыларына арналған балалар және спорт алаңдары, субұрқақ пен демалыс аймағы абаттандырылды. Тұрғын үйлердің қасбеттері құтқарушылар тақырыбындағы муралдармен безендірілді. Қазір тұрғын қалашықты газбен жылыту жүйесіне көшіру жұмыстары жүріп жатыр.

Министр сарбаздармен кездесті

Мұрат Мұханов мерзімді әскери қызметтегі сарбаздармен кездесіп, олардың қызмет өткеру жағдайын, тамақтану мен демалысын сұрап білді. Министр ТЖМ қызметкерлері мен олардың отбасыларына қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және жеке құрамның сапалы даярлығын қамтамасыз ету ведомствоның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Другие новости

Back to top button