Культура

Астанада әлемдік опера және оперетта классикасы шырқалды

Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт залында «Музыка на все времена» атты концерт ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның мемлекеттік симфониялық оркестрі қатысты.

Концерт бағдарламасында Италия, Франция, Чехия және Аустрия композиторларының танымал опера мен оперетта шығармалары орындалды. Кеш барысында көрермендер «Севилья шаштаразы», «Тұрандот», «Травиата», «Ромео мен Джульетта», «Русалка» және басқа да әйгілі опералардан ариялар мен дуэттерді тыңдады. Сонымен қатар Франц Легар мен Имре Кальманның оперетталарынан үзінділер ұсынылды.

Сахнада Медет Шотабаев, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Капонова, Салтанат Ахметова, Азат Мәлік, Ибраһим Амин, Нұрсезім Саматқызы, Лаура Ғалым және Талғат Аллабиринов өнер көрсетті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов дирижерлік етті.

Концерт Пьетро Масканьидің «Ауыл абыройы» операсындағы интермеццомен ашылды. Кеш соңында әншілер Джузеппе Вердидің «Травиата» операсындағы әйгілі «Brindisi» әнін бірге орындады.

Мерекелік кештің құрметті қонақтары қатарында Түрікменстанның еңбек сіңірген әртісі Батыр Чарыев пен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Таалайбек Усубалиев болды. Бұл кеш елордалық көрерменге әлемдік классиканың үздік туындыларын ұсынды.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button