Қазақстан мен Грузия сыртқы істер министрлері стратегиялық әріптестік пен көлік ынтымақтастығын талқылады
2026 жылғы 23 қазанда Батуми қаласында Орталық Азия елдері мен Грузия сыртқы істер министрлерінің кездесуі шеңберінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Грузияның премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мака Бочоришвили кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы өзекті мәселелерді, стратегиялық әріптестікті дамыту және нығайту жолдарын талқылады. Саяси диалогты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастықты арттыру, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Министрлер алдағы жоғары деңгейдегі байланыстар кестесін қарастырып, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, порттар мен теміржолдардың тиімділігін арттыру, тарифтік шарттарды жетілдіру және электрондық құжат айналымын енгізу мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Кездесу аясында Орталық Азия мен Грузия арасындағы көлік, логистика, сауда және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті атап өтілді. Еуропа және әлемдік нарықтарға шығу үшін Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды тұрақты көлік байланыстарымен қамтамасыз етудің маңыздылығы баса айтылды. Тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында тұрақты диалог орнатуға және ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Дереккөз: gov.kz


