Политика

Орталық Азия мен Грузия сыртқы істер министрлері Батумиде бас қосты

2026 жылғы 23 қазанда Батумиде Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Грузия премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилидің шақыруымен Орталық Азия мемлекеттері мен Грузия сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты.

Жиында алты мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды. Тараптар өңірлік күн тәртібі бойынша ұстанымдарының жақындығын, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін бірлескен іс-қимылдың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, қатысушылар тұрақты диалог жүргізіп, бірлескен практикалық шешімдер қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.

Басқосуда Транскаспий халықаралық көлік бағытын — Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударылды. Инфрақұрылымды жаңғырту, жүк тасымалын цифрландыру және транзиттік рәсімдерді жеңілдету жолымен бұл дәліздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ұсынылды. Қазақстан тарапынан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың көлік-транзиттік әлеуетін толық пайдалану үшін келісілген әрекеттердің маңызы атап өтілді. Мұндай шаралар өзара сауда көлемін ұлғайтуға, инвестиция тартуға және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.

Кездесуге қатысушылар халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, Мұхтар Тілеуберді әріптестерімен бірге Батуми теңіз портының жұмысымен танысып, оның Қазақстан үшін және Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі буыны ретіндегі рөлін атап өтті.

Другие новости

Back to top button