130-дан астам жоба мен жаңа жұмыс орындары: Астананың 2035 жылға дейінгі даму жоспары
Елордада «Астана қаласының Бас жоспары. Түзету» жобасына жүргізілген стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) нәтижелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өтуде. Онда 2035 жылға дейін елордада жоспарланған инвестициялық жобаларды енгізуге байланысты аумақтық дамудың негізгі өзгерістері талқылануда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бас жоспарға түзету енгізу кешенді қала құрылысы жоспарлауын, жобалау алдындағы құжаттаманы талдауды және экологиялық аспектілерді ескере отырып жүргізілуде. Бұл ретте Бас жоспардың негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады.
Қарастыруға барлығы 130-дан астам инвестициялық жоба ұсынылған. Олар елорданың дамуының негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласындағы жобалар, логистикалық нысандар, әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен спорт кешендері, іскерлік және коммерциялық мақсаттағы объектілер және өзге де жобалар бар.
Аталған жобаларды іске асыру қала экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар бес ірі нысанның құрылысы шамамен 2 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен бірге жобалар толықтай стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелерін ескере отырып қарастырылуда. Сарапшылар олардың ауа мен су сапасына ықтимал әсерін, жасыл аймақтардың сақталуын және халық денсаулығына ықпалын талдап, экологиялық тәуекелдерді азайту шараларын әзірлеуде.



