Технология

Қазақстан мен ХЭО цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған келісімдерге қол қойды

Қазақстан мен Халықаралық электрбайланыс одағы (ХЭО) жас мамандарды қолдау және цифрлық құзыреттерді дамыту мақсатында бірнеше құжатқа қол қойды. Дохада өткен рәсім барысында Қазақстандық мамандарға ХЭО-да жұмыс істеуге мүмкіндік беретін және Африка елдерінің қатысушылары үшін 100 тегін оқу орнын қарастыратын келісімдер бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығын құруға нақты қадам жасалды.

Қазақстандық мамандарға халықаралық тәжірибе

Қазақстан Junior Professional Officers (JPO) бағдарламасына қосылу туралы келісімге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин қол қойды. Қазақстан бұл бағдарламаны 0,6 жарна бірлігіне баламалы үлеспен қолдайды. Оған қазақстандық байланыс операторлары қолдау көрсетеді.

Бағдарлама аясында қазақстандық жас мамандар ХЭО-да жұмыс тәжірибесін жинап, халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Жинақтаған тәжірибе мен білімді олар Қазақстандағы цифрлық жобаларда пайдалана алады.

Африка елдеріне арналған тегін оқыту бағдарламасы

Екінші құжат Африка елдерінің қатысушылары үшін 100 тегін оқу орнын ұсынады. Оқу бағдарламасы цифрлық технологиялар, бағдарламалау және жасанды интеллект бағыттарын қамтиды. Оқыту Astana Hub, alem.ai, Tech Orda, TUMO және Tomorrow School тәжірибесіне негізделіп ұйымдастырылады.

Бұл құжатқа Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев пен ХЭО Электрбайланысты дамыту бюросының директоры Космас Завазава қол қойды.

Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығы құрылмақ

Тағы бір маңызды қадам – ХЭО мен ЦАРКА арасындағы хат-келісім нәтижесінде Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығының моделін әзірлеу және бекіту басталды. Бұл орталықтың институционалдық негізі 2026 жылғы 5 шілдеде қаланған болатын. Жаңа келісім Орталықтың дизайнын әзірлеуге және оны қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Жобаға мемлекеттік және институционалдық қолдау, ХЭО-ның халықаралық әдістемесі, ЦАРКА-ның сараптамалық әлеуеті және Astana Hub экожүйесі біріктіріледі. Орталық ХЭО-ның ITU Playbooks материалдарын қолдана отырып, негізгі тиімділік көрсеткіштері бойынша жұмыс істейді және нәтижелерді ХЭО-ға кері байланыс ретінде ұсынады. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибені Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне бейімдеуге жол ашады.

Қазақстанның халықаралық рөлі артуда

Жобалар Қазақстанның халықаралық деңгейде цифрлық білім мен оқыту мүмкіндіктерін ұсынушы ел ретіндегі рөлін нығайтады. Ел өз технологиялық әлеуетін дамытып қана қоймай, тәжірибесі мен білімін шетелдік серіктестеріне ұсынып, цифрлық кадрлар дайындау және жаһандық цифрлық алшақтықты азайтуға үлес қосуда.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл келісімдер Қазақстандағы кәсіби мүмкіндіктерді арттыра отырып, халықаралық тәжірибе жинақтау мен серіктестіктерді дамытуға жол ашады. Қазақстан мен ХЭО келісімдерді жүзеге асыруға кірісіп, бағдарламаларды іске қосу бойынша алдағы қадамдарды анықтауды жоспарлап отыр.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button