«TURGYNDAR AMANATY» ЖОБАСЫНЫҢ ЖАҢА ФРОНТ-ОФИСІ АШЫЛДЫ

2025 жылғы 6 қараша күні «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының бастамасымен қолға алынған «TURGYNDAR AMANATY» жобасының жаңа фронт-офисі ашылды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев пен Марат Башимов, Астана қаласы Мәслихатының депутаттары, партияның белсенді мүшелері мен МИБ, ПИК төрағалары қатысты.
«Жобаның негізгі мақсаты – қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта құру, аула аумақтарын абаттандыру және тұрғындардың белсенділік деңгейін арттыру», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.
Фронт-офис – тұрғындардың өтініштерін қабылдап, кеңес беретін, оқыту семинарларын ұйымдастыратын және көппәтерлі үйлерді басқару саласында нақты қолдау көрсететін алаң.
«Біз бұл жобаны азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге тікелей араласу үшін бастадық. Фронт-офис – партия мен халық арасындағы сенімді көпір болады», – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Іс-шара аясында МИБ және ПИК төрағаларына арналған «Көппәтерлі тұрғын үй мәселесі және оларды шешу жолы» тақырыбында оқыту семинары өтті.
«Жоба аясында ПИК және МИБ мәселелерімен келген азаматтарды алаңдатқан сұрақтар сараланып, жиі қойылатындарына мардымды жауап бере алатын Жасанды Интеллектке негізделген Chat bot-тар да іске қосылады. Бұл тұрғындардың да, жоба менеджерлерінің де уақытын үнемдеуге үлкен үлес қосады», – дейді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Айта кетейік, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңында қабылданған өзгерістер негізінде 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап МИБ төрағасы жиналыста үш жыл мерзімге сайланады және үй кеңесінің құрамына кіреді. Сондай-ақ, Көппәтерлі тұрғын үйдің басқарушысы Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек және оның кәсіби біліктілігін көрсететін құжаты болуы тиіс. Бұл мәселелер «TURGYNDAR AMANATY» жобасының алаңдарында бірнеше мәрте талқыланған еді.
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Баспасөз бөлімі



