Қоғам

Петропавлда жүк көлігінің жүргізушілері жол жиегін ластағаны үшін анықталды

Петропавлда жол жиегін қоқыспен толтырған жүк көліктерінің жүргізушілері анықталды. Тексеріс кезінде Shacman маркалы екі жүк көлігінің тұрақ орны рұқсат етілмеген қоқыс алаңына айналғаны белгілі болды. Бұл жағдай Набережная көшесіндегі көлік жуу орны маңында тіркелген.

Полицейлер бұл заң бұзушылықты «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы кезінде өткен рейд барысында анықтады. Жүк көліктерінің иелеріне әкімшілік материалдарды рәсімдеу үшін хабарлама жіберілді. Оларға абаттандыру қағидаларын бұзу жөнінде ескерту жасалып, өздері тастаған қоқысты жинап, аумақты тазалауға міндеттелді.

Қоқыс шығармаған жер иесіне айыппұл салынды

Осындай тағы бір оқиға Борки кентіндегі Зеленая көшесінде анықталды. Бұл жерде жер учаскесінің иесі ескі құрылысты бұзғаннан кейін қалдықтарды шығармаған. Ол бір жыл ішінде қайталап құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң бойынша мұндай әрекетке айыппұл қарастырылған.

Облыста 14 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды

Полиция өкілдері «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстардың тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл шараларға басқа мемлекеттік органдар, қоғам белсенділері және тұрғындар белсене қатысуда. Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша 14 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Елдімекендердің тазалығы мен санитариялық жағдайы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыруда маңызды орын алады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button