Астанада «Saz&Soul» тобы халық әндерін заманауи өңдеуде ұсынды
Астанадағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Saz&Soul» тобының концерті өтті. Музыкалық кеште қазақтың халық әндері джаз, блюз және фанк жанрларында жаңаша орындалды.
Концерттің ерекшелігі — «The Voice Қазақстан» жобасының жеңімпазы Нұрай Шеру алғаш рет топтың жаңа солисі ретінде сахнаға шықты. Бұл топ үшін шығармашылық дамудың жаңа кезеңі саналады.
Кеш қонақтары мен жаңа туындылар
Кеште Дастан Оразбеков, Марсель, AL NASR және Мәди Сыздықов өнер көрсетіп, топпен бірге ортақ музыкалық нөмірлер ұсынды. Сондай-ақ, «Өмірді сүй» атты жаңа ән алғаш рет шырқалып, оны AL NASR мен Дастан Оразбеков бірге орындады.
Бағдарламада орындалған шығармалар
Шара барысында Естайдың «Құсни-Қорлан» әні, «Сүгірдің термесі», «Жер ана», «Жетеле», «Әдемі», «Махаббат гүлі солмайды», «Бақытты бол», «Көк аспан» сияқты танымал туындылар орындалды. «Saz&Soul» тобы ұлттық музыканы заманауи жанрларда тыңдарманға жаңаша ұсынып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Дереккөз: gov.kz



