Спорт

«Қазақконцертте» «Алдар көсе» мюзиклі сахналанды

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «Astana Musical» мемлекеттік театрының «Алдар көсе» мюзиклі көрермен назарына ұсынылды.

Мюзиклде Алдар көсенің оқиғалары жаңаша сипатта баяндалды. Қойылымда ұлттық дәстүрлер, тапқыр әзіл, әсем ән және көркем би үйлесімді түрде көрініс тапқан. Басты кейіпкер ән салып, би билеп қана қоймай, рэп жанрында да өнер көрсетті. Алдар көсе ақылдылығы мен тапқырлығы арқылы түрлі сынақтан өтіп, әділетсіздікке қарсы тұрды.

Мюзиклдің режиссері – Есләм Нұртазин, композиторлары – Ербол Нариманұлы мен Ақжол Өмірзақов. Қойылымның авторлары қатарында Ефрат Шәріпов, Шыңғыс Маман, Есләм Нұртазин және Әннас Бағдат бар.

Сахна көркемдігі мен музыкалық нөмірлер

Ұлттық нақышта безендірілген сахнада заманауи жарық техникасы қолданылды. Өнерпаздар арнайы тігілген костюмдерде өнер көрсетті. Қойылым барысында Бәйтерек, тайқазан, алып, айдаһар бейнелері және «Қара жорға» биі оқиғаның мазмұнын толықтыра түсті.

Мюзиклдің мақсаты мен маңызы

«Алдар көсе» мюзиклі қазақ фольклорын жас ұрпаққа кеңінен танытуға бағытталған. Қойылымда ұлттық мұра мен заманауи сахна өнері үйлесім тапқан. Бұл мюзикл жас буынның мәдениетке және өнерге қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button