Астанада халықаралық вокал байқауы басталды: 11 елден 30 жас әнші қатысып жатыр
Астанада Нұржамал Үсенбаеваның II халықаралық вокалдық өнер байқауы басталды. Байқауға әлемнің 11 елінен 30 жас вокалист жиналды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Байқау 1 қазанда, Халықаралық музыка күніне орай ашылды. Қатысушылардың өнерін әлемнің жетекші опера театрлары мен консерваторияларынан келген профессорлар, солистер және музыка мамандары бағалайды.
Байқауға қанша өтінім түсті және қай елдерден келді
Байқауға 11 елден 85 өтінім түскен. Іріктеу кезеңінен өткен 30 жас вокалист енді өз шеберліктерін көрсетіп, бақ сынап жатыр.
Қатысушылар мына елдерден келген:
- Қазақстан;
- Өзбекстан;
- Ресей;
- Моңғолия;
- Қытай;
- Германия;
- АҚШ;
- Италия;
- Литва;
- Қырғыз Республикасы;
- Түркия.
Қазылар алқасының құрамында кімдер бар
Халықаралық қазылар алқасында әлемнің түрлі елдерінен келген өнер майталмандары бар:
- Анна Самуил — Берлиндегі Staatsoper Unter den Linden мемлекеттік опера театрының солисі;
- Ши Хэн — Шанхай консерваториясының доценті;
- Джордж Пехливанян — Париж жоғары ұлттық музыка және би консерваториясының профессоры;
- Марат Ғали — Ресейдің Үлкен театрының солисі;
- Дейвидас Стапонкус — Литва музыка және театр академиясының профессоры;
- Джанни Леччезе — италиялық тенор.
Ашылу салтанатында Нұржамал Үсенбаеваның өзі және қазылар алқасының мүшелері өнер көрсетті.
Байқау бағдарламасы және гала-концерт қашан өтеді
Қатысушылар үшін алқа мүшелері шеберлік сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар байқау барысында жас әншілер Симфониялық оркестрмен бірге өнер көрсетеді. Оркестрді Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин жүргізеді.
Байқау 4 қазанда аяқталады. Қорытынды гала-концертке лауреаттар мен қазылар алқасының мүшелері қатысады.
Дереккөз: gov.kz


