ӘлемБасты жаңалықтарТуризм
Trending

Түркиядағы ең дәмді түрік кофесін қайдан ішуге болады?

Саяхат трендтеріне арналған зерттеулерге сәйкес, туристердің 82 пайызы жергілікті тағамдар мен сусындар арқылы ел мәдениетін тереңірек түсінетінін атап өткен. 2013 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген түрік кофесінің Түркияның әр аймағында өзіндік ерекше дайындау құпиясы бар.

Түркияның кофе картасы XVI ғасырда әлемдегі алғашқы кофеханалар ашылған Ыстанбұлдан басталады. Сұлтанахмет, Сиркеджи, Эминөнү, Каракөй, Галата және Кадыкөй аудандарындағы тарихи орындарда ыстық құмда немесе шоқта баяу қайнатылған ең қою әрі хош иісті кофені табуға болады.

Елорда Анкарада классикалық дәм іздегендер жастар жиі жиналатын Туналы Хилми көшесі мен Чанкая ауданындағы заманауи кофеханаларға барады. Ал Эгей жағалауындағы Измирде шығанаққа қарап отырып кофе ішу үшін Алсанджак ауданы, сондай-ақ MICHELIN тізіміне енген Урланың Өнер көшесі таптырмас орын. Сонымен қатар Алачатының тас төселген көшелерінде мастика шайыры қосылған сергітетін түрік кофесін міндетті түрде байқап көру керек.

Түрік кофесі

Ерекше дәм іздеген гурмандар Түркияның оңтүстік-шығыс өңірлеріне ат басын бұрады:

  • Газиантеп: Мұнда жабайы пісте ағашының жемістерінен жасалатын, құрамында кофеині жоқ мененгич (menengiç) кофесі дайындалады. Бұл сусын 2024 жылы Еуропалық Одақтың қорғалған географиялық мәртебесіне ие болды.
  • Шанлыурфа мен Мардин: Ежелгі сәулет өнерімен танымал бұл қалаларда екі рет қуырылып, өте қою әрі ащы етіп қайнатылатын мырра кофесі ұсынылады.
  • Адыяман: Бұл өңірде кофеге шоколад, кілегей, салеп, мүйізді ағаш ұнтағы мен мененгич қосылып дайындалатын ерекше кервансарай кофесі танымал.
  • Дибек кофесі (Dibek): Елдің көптеген аймақтарында кездесетін бұл кофе түрі кәдімгі диірменде емес, дәстүрлі тас келіде түйіліп ұнтақталады, соның арқасында жұмсақ әрі барқыттай дәмге ие болады.
Түрік кофесі

Кофе мәдениетімен тереңірек танысқысы келетін саяхатшылар ЮНЕСКО тізіміне де, Cittaslow желісіне де енген Карабүк провинциясындағы Сафранболу қалашығына бара алады.

Мұнда Түрік кофесі мұражайын аралап, үйге естелік ретінде түрік кофесінің дәстүрлі ыдысы «жез джезве», жаңа тартылған кофе және дәстүрлі фарфор кеселер (финджандар) жиынтығын сатып алуға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button