Басты жаңалықтарСпорт

Қазақстандық шабандоздар Астанада өткен әлем кубогының финалында екі күміс жүлде иеленді

Астанада конкурдан әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалдық кезеңі аяқталды. «Арғымақ» ат спорты кешенінде ұйымдастырылған халықаралық жарыста қазақстандық шабандоздар екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Ресей спортшылары қатысып, бірнеше бағыт бойынша жүлделерді сарапқа салды.

Биіктігі 155 сантиметр болатын кедергілерден өту сайысында қазақстандық Олег Соколенко Cinderella сәйгүлігімен екінші орын иеленді. Бұл бәсекеде Matts V.G. атымен өнер көрсеткен өзбекстандық Бекзод Курбанов жеңіске жетті. Үшінші орын Gentleman De Beaulieu сәйгүлігімен сынға түскен Ксения Хайрулинаға бұйырды.

135 сантиметрлік кедергілері бар маршрутта Қазақстан өкілі Аян Ғани күміс медаль жеңіп алды. Ол Quattro VDB сәйгүлігімен өнер көрсетті. Аталған сайыстың жеңімпазы қырғызстандық Ринат Галимов (Enrique PKZ) атанса, өзбекстандық Бекзод Курбанов (Santos Hipica) үшінші орынға тұрақтады.

Жарысты Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті әрі Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Ингмар Де Вос арнайы келіп тамашалады. Ол Қазақстандағы ат спорты инфрақұрылымын, шабандоздардың дайындығын және халықаралық жарыстарды ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

Ингмар Де Востың айтуынша, Қазақстан мен Еуразия өңірінде ат спортын дамытуға қажетті жағдай бар. Ол елде ірі халықаралық жарыстарды тұрақты өткізуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Қазақстан ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев биылғы халықаралық маусымның нәтижелеріне тоқталды. Оның мәліметінше, Қазақстан осы маусымда конкурдан әлем кубогының үш кезеңін және Еуразиялық лиганың финалын қабылдады.

Сонымен қатар қараша айында елімізде конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы Қазақстан біріншілігі, ересектер чемпионаты және паралимпиадалық мәнерлеп жүруден ел чемпионаты өтті.

Федерация алдағы жылы тағы бір маңызды халықаралық жарысты ұйымдастыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, әлем кубогының кезеңі аясында Олимпиада ойындарына жолдама беретін арнайы іріктеу турнирін өткізуге ресми өтінім жолданған.

Айта кетейік, Астанадағы финал FEI мен Еуразиялық ат спорты қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл жарыс 2027 жылы Мәскеуде өтетін Еуразия ойындарына дайындық тұрғысынан да маңызды саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button