Астанада мерекелік отшашу атылды
Елордада демеушілік қаражат есебінен және қауіпсіздік ережелерін толықтай сақтай отырып ұйымдастырылған жаңа жылдық отшашу басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сағат 00:00-де қаланың екі орнында – Атырау көпірінің маңындағы аумақтан (қала жағалауы) және Ботаникалық бақтан отшашу іске қосылды. Отшашуды тамашалауға 50 мыңнан астам адам келді. Отшашудың ұзақтығы шамамен 3,5 минутты құрап, әр жерден 2,5 мың мәрте атылды.
Жаңа жылдық отшашудан бөлек, қаланың үш орнында қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттік шаралар өтіп жатыр.
Концерттік бағдарламада Алмас Кішкенбаев, Ayree, Еркеш Хасен, Бейбіт Қорған, Қайрат Баекенов, Зарина Омарова, Ильхан Ихсан, Құрмаш Махан, Маржан Арапбаева, Әлішер Кәрімов, «Заман» және «Меломен» топтары және т.б. өнер көрсетіп жатыр.
Концерттер түнгі сағат 2-ге дейін мына мекенжайларда өтеді: Қалалық алаң (қала әкімдігігің алдындағы алаң); «Қазақ елі» монументінің аумағы; ЭКСПО алаңы.