Энергетика: Қазақстан мен Еуропалық инвестициялық банк ынтымақтастық бағыттарын талқылады
Астанада Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев пен Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Мора кездесті. Тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор бағыттарын талқылады.
Әңгіме энергетикалық қауіпсіздік, инфрақұрылымды дамыту мен жаңғырту, энергетикалық көшу және жаңартылатын энергия көздерін кеңірек пайдалану төңірегінде өрбіді. Еуропалық инвестициялық банктің қатысуымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, техникалық және сараптамалық қолдау көрсету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар тараптар өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты дамыту мен энергетика секторының тұрақты өсуіне маңызды ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы пікір алмасты. Қаржы тарту, тәжірибе алмасу және заманауи тәсілдерді енгізу үшін халықаралық қаржы институттарымен, еуропалық әріптестермен бірлесіп жұмыс істей беру маңызды екені айтылды.
Кездесу қорытындысында тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Дереккөз: gov.kz


