Білім беру, баспана, жұмыспен қамту: Астанада жастарға жасалып жатқан шаралар
Елордада жастарға білім беру, баспана және жұмыспен қамту бағытында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жүйелі шаралар жалғасып жатыр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев хабарлады.
Жұмыспен қамту: бағдарламалар мен нақты көрсеткіштер
Басым бағыттардың бірі — жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» және басқа мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 4 мыңнан астам жас қамтылды. Биыл 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді, ал «Жасыл ел» жобасы екі ай ішінде 3725 жасты жұмыспен қамтыды; маусым соңына дейін 5200 қатысушыны жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда.
- JOLTAP пен «FREELANCE МҮМКІНДІК» жобалары аясында 17 сұранысқа ие мамандық пен цифрлық құзыреттер бойынша қысқа мерзімді оқыту жүргізіледі;
- Бірінші жартыжылдықта жұмысшы мамандықтары бойынша 1843 адам, цифрлық дағдылар бойынша 1162 адам оқытудан өтті;
- 2026 жылдың соңына дейін 8 мыңнан астам маманды даярлау жоспарланған.
Әлеуметтік қолдау: еріктілік, жас отбасылар мен инфрақұрылым
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы еріктілік қозғалысын дамытуды негізгі бағыттарының бірі ретінде жүзеге асырады. Барлық еріктілер «Волонтерлер мектебінде» оқып, алғашқы көмек, Қазақстан тарихы, коммуникация дағдылары мен ірі іс-шараларда жұмыс істеу машықтарын меңгереді.
Қалада 8 аула клубы мен 7 «Замандас» жастар коворкингі жұмыс істейді. Оларға негізінен әлеуметтік осал санаттағы шамамен 4500 бала мен жас қатысады. Бұл балалар мен жастар үшін спорттық және шығармашылық бағыттағы 124 үйірме мен секция тегін жұмыс істейді.
Отбасы институтын нығайту мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы іске асырылып, жыл басынан бері оған 300-ден астам жас отбасы қатысты; жоба аясында семинарлар, шеберлік сабақтары мен спорттық-шаруашылық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Профилактика, патриоттық тәрбие және экологиялық шаралар
Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері экологиялық эстафеталар, Есіл өзенінің жағалауын тазарту, ағаш отырғызу және қалдықтарды сұрыптау бойынша шеберлік сабақтары өтті; іс-шараларға елорданың 150 мыңнан астам жастары қатысты.
Есірткіге қарсы «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы бойынша психологтар қатысумен кездесулер, дәрістер мен тренингтер өткізіліп, 700-ден астам студент қамтылды. Прокуратура, Полиция департаменті мен аудан әкімдіктерімен бірлесіп есірткі жарнамаларын бояп өшіру бойынша 219 рейд ұйымдастырылды.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірге жалпы қамтуы 120 мыңнан асатын 80-нен астам іс-шара өткізілді. Әскери-патриоттық тәрбие шеңберінде «Жас сарбаз» жобасы бойынша елорданың 111 мектебі мен 34 колледжінде шамамен 2 мың тәрбиеленушіні біріктіретін бейіндік сыныптар мен клубтар жұмыс істейді.
Самат Ибраевтың сөзінше, Жастар саясаты басқармасы жастар ұйымдарымен, депутаттармен, білім беру мекемелерімен және мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Жұмыспен қамту, білім беру, еріктілік, патриоттық тәрбие, жас отбасыларды қолдау мен инфрақұрылым дамытуға бағытталған кешенді жобалар жас ұрпақтың дамуына және олардың елорданың қоғамдық өміріндегі рөлін арттыруға ықпал етеді.
Дереккөз: gov.kz



