Зейнетақы аннуитеті: өмір бойы төлем алу тәртібі мен шарттары
2026 жылдың 8 айында елімізде зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңге болды. Ал сақтандыру жарналарының жалпы сомасы 624,7 млрд теңгеге жетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл механизмнің қалай жұмыс істейтінін және келісімшарт жасауға қандай талаптар қойылатынын түсіндірді.
Зейнетақы аннуитеті қалай жұмыс істейді
Зейнетақы аннуитеті арқылы азамат өз жинағын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Компания адамға өмір бойы тұрақты төлем жасауға міндеттенеді. Бұл төлемдер бастапқы аударымнан асып кеткен жағдайда да жалғаса береді.
Аннуитет рәсімдеу талаптары
Келісімшарт жасау үшін белгіленген жасқа толу және жинақта жеткілікті қаражаттың болуы шарт. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі — мұнда жас пен болашақ төлем мөлшері ескеріліп, есеп жүргізіледі.
2026 жылы аннуитет рәсімдеп, төлем ала бастау үшін:
- ерлерге — 55 жастан
- әйелдерге — 53 жастан
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленсе, жеткілікті жинағы бар азаматтар 50 жастан бастап төлем ала алады.
Кейінге қалдырылған аннуитет және шарттары
Кейінге қалдырылған аннуитет арқылы болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Мұндай келісімшартты:
- 45 жастан бастап;
- ал кәсіптік жарналар 60 ай төленсе, 40 жастан бастап
рәсімдеуге мүмкіндік бар. Төлемдер заңда және келісімшартта көрсетілген жасқа жеткен соң басталады.
Төлемдердің өсуі және кепілдік кезең
Зейнетақы аннуитеті төлемдері жыл сайын кемінде 8% индексациямен өсіп отырады. Төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.
Сонымен қатар, келісімшартта төлемдерге кепілдік берілетін кезең тағайындауға болады. Егер сақтандырылған тұлға осы кезең аяқталмай қайтыс болса, төлем мұрагерлеріне беріледі. Бұл механизм БЖЗҚ-дағы жинақтың мұраға қалуын реттейтін тәртіптен бөлек қаралады.
Аннуитет және мемлекеттік зейнетақы
Аннуитет бойынша төлем алып жүрген азаматтар жұмысын жалғастыра алады. Алайда бұл мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын алу дегенді білдірмейді. Мемлекеттік зейнетақы заңда көрсетілген тәртіп бойынша ғана тағайындалады.
Келісімшарт жасардағы кеңестер
Аннуитеттік келісімшарт жасамас бұрын сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстырып, талаптарына мұқият қарап шығу ұсынылады. Әсіресе:
- бастапқы төлем мөлшері;
- төлемдердің жыл сайынғы өсу тәртібі;
- кепілдік кезеңі;
- келісімшартты өзгерту шарттарына
назар аудару керек. Алдын ала есепті өмірді сақтандыру компаниясынан алуға болады. Сондай-ақ, БЖЗҚ-дан немесе enpf.kz сайтындағы зейнетақы калькуляторы арқылы болжамды төлемдерді салыстыруға мүмкіндік бар.
Дереккөз: gov.kz



