Общество

Көліктегі өрт қауіпсіздігі: ТЖМ жүргізушілерге негізгі ережелерді түсіндірді

Қазақстанда «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» жалғасуда. Жетінші күн «Көлігің аман болсын» ұранымен өтті. Бұл шара автокөліктердегі өрттің алдын алу және жүргізушілердің қауіпсіздік мәдениетін арттыруды мақсат етті. Сондай-ақ газбаллон жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне назар аударылды.

ТЖМ аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдар, полиция және басқа ұйымдармен бірлесіп, автожолдарда, тұрақтарда, вокзалдарда, жанармай және газ құю станцияларында профилактикалық рейдтер жүргізді. Нәтижесінде 8 мыңнан астам адам, оның ішінде 3,3 мыңнан аса жүргізуші ақпараттандырылды. 200-ден астам рейд өткізіліп, 565 жанармай және газ құю станциясы қамтылды. Көппәтерлі үйлердің тұрғындары және қызмет көрсетуші ұйым басшыларымен 157 кездесу өтті.

Қазақстандағы көлік өрттері бойынша мәліметтер

2026 жылдың басынан бері елде көлік құралдарында 2 056 өрт тіркелген. Бұл дерек көліктің техникалық жағдайын бақылаудың және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың аса маңызды екенін көрсетеді.

Атырау облысында профилактикалық акцияға аймақтық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жанабаев қатысып, жанармай және газ құю станцияларында, тұрғын үй кешендерінің паркингтерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жүргізушілер мен қызметкерлерге қауіпсіздік ережелері, техникалық жағдайды бақылау және алғашқы өрт сөндіру құралдарын дайындау қажеттігі түсіндірілді.

Аймақтық статистика және жүргізушілерге ұсыныстар

Атырау облысында 2026 жылдың басынан бері көлік өртінің 91 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56,8%-ға көп (2025 жылы – 58 жағдай). Оның ішінде 22 өрт газбаллон қондырғылары бар көліктерде болған. Өрт салдарынан 7 адам жарақат алды, қаза тапқандар жоқ.

Ақмола облысында да құтқарушылар полициямен бірлесіп, жанармай құю станцияларында және автотұрақтарда түсіндіру жұмыстарын өткізді. Жүргізушілерге өрттің негізгі себептері: электр сымдарының қысқа тұйықталуы, отын жүйесіндегі ақаулар және жанғыш сұйықтықтардың ағуы туралы айтылды. Көлік құралын үнемі техникалық тексеруден өткізу, өрт сөндіргіштің болуы және жанармай құюда қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді. Акция кезінде жүргізушілерге өрт сөндіргіштер мен ақпараттық материалдар таратылды.

ТЖМ жүргізушілерге кеңес береді

Төтенше жағдайлар министрлігі автокөліктің техникалық жағдайын жүйелі түрде тексеру, электр сымдары мен газбаллон жабдықтарының жарамдылығына назар аудару және өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау көліктегі өрттердің алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салады.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button