Общество

Шымкентте ТМД елдері құтқару қызметтері басшыларының халықаралық жиналысы өтіп жатыр

13 қарашада Шымкент қаласында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің 38-отырысы өтіп жатыр. Қазақстан бұл халықаралық кездесуді 11 жылдан кейін алғаш рет өткізіп отыр. Отырысқа ТМД елдерінің құтқару ведомстволарының басшылары мен Достастықтың Атқарушы комитетінің өкілдері жиналды. Жиынға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов төрағалық етуде.

ТМД елдерінен келген делегациялар

Кеңес жұмысына Ресейдің төтенше жағдайлар министрі Александр Куренков, Беларусь министрі Вадим Синявский, Өзбекстан министрі Азизбек Икрамов, Әзербайжан министрінің бірінші орынбасары Рафаил Мирзоев, Қырғызстан министрінің орынбасары Искендер Сулайманов, Тәжікстан комитеті төрағасы Раджабали Рахмонали мен Армения министрінің орынбасары Арам Казарян қатысып отыр. Сонымен қатар, ТМД Атқарушы комитетінен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық департаментінің директоры Евгений Клемезь қатысуда.

Кездесудің күн тәртібі

Жиында ауқымды төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ету, өзара хабарлау жүйесін жетілдіру, құтқарушыларды оқыту және тәжірибе алмасу мәселелері қаралуда. Қазақстанның ұсынысымен төтенше климаттық және техногендік апаттарды болжау бойынша Өңірлік орталық құру мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Сондай-ақ ғылыми ынтымақтастық, кадрлар даярлау және өрт-құтқару спорты бойынша халықаралық жарыстар өткізу ұсыныстары талқылануда.

Өрт сөндіру техникасы көрмесі

Отырыс басталар алдында шетелдік делегациялар Қазақстан ТЖМ өрт сөндіру-құтқару техникасының көрмесін аралап көрді. Қонақтарға қазақстандық құтқарушылар пайдаланатын көліктер мен жабдықтар таныстырылды. Көрмеде отандық өндірушілер жасайтын құтқару құрал-жабдықтары да көрсетілді.

Другие новости

Back to top button