Астанада №38 мектепте мыңнан астам оқушы домбыра үйренуде
Астана қаласындағы Әлихан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінде музыка пәнінің мұғалімі Нұржан Қанафин жетекшілігімен «Ғасырлар үні» шығармашылық кеші өтті. Шара барысында ұстаз бен шәкірттер қазақтың дәстүрлі күйлерін орындап, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Бұл кеш домбыра өнерін дәріптеуге арналған. Нұржан Қанафин шәкірттерін ұлттық өнерге баулып, олардың шығармашылығын дамытуға үлес қосып келеді. Ұстаздың айтуынша, мектепте 2300 оқушы болса, соның 1000-нан астамы домбыра үйренген. Оқушылардың ұлттық аспапқа қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Шәкірттер түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Нұржан Қанафин «Кербез» өнер орталығында да домбырадан сабақ береді. Ол бес жылдан астам уақыт ішінде көптеген оқушыға ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп келеді. Ұстаздың айтуынша, мектептің әр бұрышынан домбыра шертіп отырған балаларды жиі көруге болады. Оның басты мақсаты – балалардың рухани дамуына қолдау көрсету және ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру.
Дереккөз: gov.kz


