Общество

Экология министрі азаматтарды қабылдап, экологиялық мәселелерді талқылады

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров бүгін Азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдау онлайн және офлайн форматтарда өтті. Кездесу барысында экологиялық қауіпсіздік, табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіру, тұрақты туризм, биоэкономика және орман шаруашылығын дамыту сияқты мәселелер бойынша өтініштер қаралды.

Онлайн қабылдауда көтерілген мәселелер

Онлайн форматта Түркістан облысы Сайрам ауданындағы екі нысанда мұнай шламымен ластанған жерлерді қалпына келтіру қажеттілігі көтерілді. Бұл мәселе Тассай-Ақсу жер асты су кен орнының ластану қаупіне байланысты айтылды. Осы өтініш бойынша министр вице-министрге және Түркістан облысы Экология департаментінің басшысына жағдайды жеке зерделеуді, оқиға орнына баруды және шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Экологиялық кодекс бойынша, экологиялық залалды жою міндеті оны келтірген тұлғаларға жүктелетіні атап өтілді.

Тұрақты туризм мен орман шаруашылығын дамыту ұсыныстары

Кездесу барысында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тұрақты туризмді дамытуға арналған пилоттық жоба таныстырылды. Бұл бастама аясында төмен көміртекті туристік бағыттар құру, экологиялық көлік енгізу және туристік ағындарды сандық түрде қадағалау жоспарланған.

Сонымен бірге, Қазақстанның орман шаруашылығын дамыту перспективалары талқыланды. Саланы басқаруды орталықтандыру, орманды қалпына келтіру, кадрлар даярлау, орман ғылымын дамыту, заңнаманы жетілдіру және ғылыми қоғамдастықпен өзара байланыс мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан орманшылары қауымдастығы мен «Орман» мамандандырылған журналын құру туралы ұсыныстар айтылды.

Офлайн қабылдаудағы мәселелер мен тапсырмалар

Офлайн форматта қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын жетілдіру және жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты уәкілетті органдардың өкілеттіктері жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Барлық көтерілген өтініштер бойынша министр қабылдауға келген азаматтарға түсініктемелер беріп, бейінді бөлімшелерге ұсыныстар мен өтініштерді өз құзыреті шегінде қарауды тапсырды.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button