Общество

COP31: Қазақстан павильонында көміртегі нарығы мен өңірлік ынтымақтастық талқыланды

2026 жылғы 13 қарашада Түркияның Анталия қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында бірқатар тақырыптық іс-шара өтті. Іс-шаралар көміртегі нарығының дамуы, өңірлік экологиялық ынтымақтастық, халықаралық сауда мен ғылыми байланыстарды қамтыды.

Қазақстанның көміртегі нарығы және халықаралық әріптестік

Маңызды шаралардың бірі – «Қазақстанның көміртегі нарығы: ұлттық тетіктерден халықаралық ынтымақтастыққа дейін» атты панельдік сессия болды. Оны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров ашты. Сессияда TÜSİAD президенті Озан Дирен мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев құттықтау сөз сөйледі.

Талқылау барысында парниктік газдар шығарындыларымен сауда жүйесінің жұмысы, көміртегі офсеттерін дамыту, халықаралық әріптестік және көміртегі тетіктерін біріктіру мәселелері сөз болды. Іс-шара қорытындысында «Жасыл даму» АҚ мен Азиядағы табиғи апаттарға дайындық орталығы (ADPC) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығы күшейтілді

Каспий өңіріндегі ынтымақтастыққа арналған «Friends of the Caspian Sea: өңірлік бастамалардан бірлескен іс-қимылдарға дейін» атты қосымша іс-шара ұйымдастырылды. Оған Каспий маңы бес мемлекеттің, БҰҰ Даму бағдарламасының, Тегеран конвенциясы хатшылығының, Жасыл климат қоры мен Дүниежүзілік банктің өкілдері қатысты.

Қатысушылар Тегеран конвенциясы аясындағы өңірлік экологиялық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтті. Сонымен бірге, Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына байланысты 2026–2036 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары таныстырылды.

Қазақстан экспортының көміртегі талаптарына бейімделуі

«Хабардарлықтан бәсекеге қабілеттілікке дейін: Қазақстан экспортын әлемдік сауданың жаңа көміртегі архитектурасына дайындау және ТМТМ контексінде сауда байланыстылығын нығайту» атты тағы бір қосымша іс-шара өтті. Оны ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» АҚ ұйымдастырды.

Талқылауда парниктік газдар шығарындыларын өлшеу, есептілік пен верификация сапасын арттыру, көміртегі есебінің ұлттық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, көміртегі реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды. Қазақстан экспортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында сауда байланыстылығын нығайтуға ерекше назар аударылды.

Түркі мемлекеттері ұйымымен және ғылыми серіктестермен байланыс

Министр Әлібек Қуантыров Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Мирвахид Азимовпен кездесіп, қоршаған ортаны қорғау және өңірлік экологиялық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, Қазақстанның Ұлттық павильонында Стокгольм қоршаған орта институтының америкалық орталығымен (SEI US) жасалған меморандумды алмасу рәсімі өтті.

Қазақстанда метан шығарындыларын бақылау бағдарламасы іске қосылды

Күн соңында министр Bloomberg халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Ол Қазақстанда спутниктік деректер негізінде метан шығарындыларын реттеу бағдарламасы басталғанын хабарлады. Бұл жоба мұнай-газ саласындағы ірі метан шығарындыларын анықтап, оларды азайтуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button