Астанада әлемдік таеквондо Гран-при финалы алғаш рет өтеді
27-29 қараша күндері елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондо және пара таеквондодан әлемдік Гран-при финалдары ұйымдастырылады. Бұл – Қазақстанда алғаш рет өтетін G-10 санатындағы ірі халықаралық дода. Финалға Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары қатысады, олар Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеуге қажетті рейтинг ұпайлары үшін күреседі.
Финалға қатысатын спортшылар және салмақ дәрежелері
Астанада өтетін финалға 128 таеквондошы қатысады. Спортшылар сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде сынға түседі. Жеңімпазға 100 ұпай, күміс жүлдегерге 60 ұпай, қола жүлдегерлерге 36 ұпай беріледі. Финалға Париж Олимпиадасының чемпиондары Пак Те Джун мен Ким Ю Джин (Оңтүстік Корея), Ирандық Ариан Салими және Токио Олимпиадасының чемпионы Вито Делль’Акуила (Италия) қатысады. Сонымен қатар, Бразилияның әлем чемпионы Мария Клара Пачеко да бақ сынайды. Ол биыл Рим, Муджу және Париждегі Гран-при кезеңдерінде жеңіске жеткен.
Қазақстандық спортшылардың қатысуы
Қазақстан құрамасынан Батырхан Төлеуғали (-80 кг), Темірлан Тілеулес (-58 кг), Мария Севостьянова (-57 кг) және Рита Бакишева (-49 кг) финалда өнер көрсетеді. Мария Севостьянова Париж кезеңінде қола медаль иеленген. Муджудағы кезеңде Айдана Құмартаева да қола жүлде алған.
Пара таеквондо бәсекесі және қазақстандық параспортшылар
27 қарашада пара таеквондодан жарыс басталады. Оған 70-ке жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олар K44 спорт класында он салмақ дәрежесінде медальдар және Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу ұпайлары үшін сынға түседі. Қазақстан атынан ерлер арасында Нышанбек Ақтілеуов (-58 кг), Айбек Жұманғали (-63 кг), Дінмұхаммед Асқар (-70 кг), Нұрлан Домбаев (-80 кг), ал әйелдер арасында Милана Красавцева (-52 кг), Камиля Досмалова (-57 кг) және Марьям Салимгереева (-65 кг) қатысады.
Жарыс бағдарламасы мен кестесі
- 27 қараша – пара таеквондодан Гран-при финалы басталады, жекпе-жектер сағат 09:00-де басталады, осы күні ашылу салтанаты өтеді.
- 28 қараша – таеквондодан финалдың бірінші күні. Ерлер: -68 кг, -80 кг; әйелдер: -49 кг, -57 кг, +67 кг. 09:00-13:00 – алғашқы айналымдар мен ширек финал, 15:00-16:00 – жартылай финал, 16:00-19:00 – финал.
- 29 қараша – таеквондодан финалдың екінші күні. Ерлер: -58 кг, +80 кг; әйелдер: -67 кг. 09:00-12:00 – алғашқы айналымдар мен ширек финал, 13:00-14:00 – жартылай финал, 14:00-16:00 – финал.
Дереккөз: gov.kz


