Общество

ТЖМ таудағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертеді

Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) тауға баруды жоспарлаған азаматтарға қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауға кеңес береді. Ең алдымен, бағытты алдын ала жоспарлап, дайындалу, көшкін мен сел қаупі бар аумақтарды зерттеу және ауа райы болжамын білу қажет. Тауға шығу, маршрут және қайтып келу уақыты туралы 112 қызметіне хабарлау ұсынылады.

Тауға шығар алдында міндетті хабарлама беру

Азаматтар өмірге қауіпті және жетуі қиын тау, су, спелеологиялық нысандарға сапар алдында жүретін бағыт туралы ТЖМ аумақтық органына хабарлама жіберуі тиіс. Бұл мәліметті 112 нөміріне немесе аумақтық органның ресми сайты арқылы электрондық поштаға жолдауға болады. Хабарламада толық аты-жөні және байланыс деректері көрсетілуі міндетті. Егер сапар топпен ұйымдастырылса, топ мүшелерінің саны, олардың деректері мен байланыс телефондары, қозғалыс маршруты, басталу және аяқталу орны, болжамды демалыс орындары жазылуы қажет.

Маршрут пен ауа райын алдын ала зерделеу

Тауға шығу алдында бағытты, ұзақтығын, биіктік айырмасын, күрделі жерлерін және аялдайтын орындарын анықтап алыңыз. Сапар туралы жақындарыңызға хабарлаңыз және ауа райының өзгерістеріне дайын болыңыз. Жер бедерімен танысып, карта, компас, GPS немесе навигатор алыңыз. Күрделі бағыттар үшін физикалық дайындық қажет.

Жабдықтар мен қажетті заттарды дайындау

Тауға шыққанда арнайы аяқ киім, бірнеше қабат киім, жылы және желден, жаңбырдан қорғайтын күртеше, жеткілікті су мен азық-түлік керек. Алғашқы медициналық көмек қобдишасы (бинт, антисептик, ауырсынуды басатын дәрілер, лейкопластырь), бағдарлауға қажет құралдар (карта, компас, навигатор, қуатталған телефон, пауэрбанк), күннен қорғайтын заттар (көзілдірік, крем, бас киім), қолшам мен қосалқы батарея, төтенше жағдайда белгі беруге арналған ысқырық немесе айнаны өзіңізбен бірге алған жөн.

Топпен қозғалу және қауіпсіздік тәртібі

Тауға шыққанда топтан бөлінбей, бірге жүру керек. Жүктемені біркелкі бөліп, күшіңізді үнемдеңіз. Бейтаныс жерде белгіленген жолдан шықпау ұсынылады, себебі адасып кету қаупі бар.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button