Экономика

Серік Жұманғарин Пәкістан және халықаралық қаржы ұйымдары басшыларымен Алматыда кездесті

Алматыда Орталық Азиядағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы аясында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Пәкістанның Федералдық инвестициялар жөніндегі министрі Кайсер Ахмед Шейхпен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту және көлік логистикасын дамыту жөнінде пікір алмасты.

Сауда және көлік саласындағы әріптестік

Басқосуда сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бесжылдық Жол картасын аяқтау және оның жүзеге асырылуын үйлестіру үшін жоғары деңгейдегі Жұмыс тобын құру келісілді. Бұл топқа Қазақстаннан Серік Жұманғарин, Пәкістаннан министр Ахсан Икбал жетекшілік етпек. Қазақстан алдағы уақытта топтың алғашқы отырысын өткізуді жоспарлап отыр.

Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел арасындағы өзара сауда көлемін 218 тауар позициясы бойынша шамамен $645 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Әсіресе металлургия, машина жасау, химия, тамақ және мұнай-химия саласында жеткізілімді көбейтуге басымдық берілді. Сондай-ақ көлік-логистикалық ынтымақтастық, оның ішінде Пәкістанның теңіз порттарына жаңа бағыттар ашу мәселесі қарастырылды.

Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселесі

Сол күні Серік Жұманғарин Азия даму банкі (АДБ) және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) басшылығымен де кездесті. Келіссөздерде Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және бірлескен жұмыстарды жалғастыру жайы сөз болды.

АИИБ Президенті Цзоу Цзяимен әңгімелесу барысында Қазақстан Үкіметі мен Банк арасындағы әріптестік туралы келісімді іске асыру мүмкіндіктері қаралды. Бұл құжат нақты жобаларға банк тарапынан қаржыландыру алуды жеңілдетеді. 10 жыл ішінде АИИБ Қазақстанда жалпы құны $1,6 млрд болатын 5 жобаны іске асырды, қазір шамамен $2,2 млрд болатын 8 жоба жүзеге асуда. Сонымен қатар, тараптар Қазақстанда АИИБ-тің Орталық Азия және ТМД елдері бойынша аймақтық өкілдігін ашу бастамасын талқылады.

Азия даму банкімен ынтымақтастық және жаңа стратегиялар

АДБ-ның Оңтүстік, Орталық және Батыс Азия бойынша вице-президенті Инмин Янгпен кездесуде Қазақстан мен Банк арасындағы 32 жылдық серіктестік аясында құны $7 млрд-тан асатын 154-тен астам жоба іске асқаны айтылды. Тараптар 2028–2032 жылдарға арналған жаңа Елдік әріптестік стратегиясын әзірлеу жөнінде пікір алмасты. Серік Жұманғарин бұл құжатта құрылымдық өзгерістер мен елдің ұзақ мерзімді мақсаттарын ескеру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытын кеңейтуге және инфрақұрылымға инвестиция тартуға мүдделі екенін білдірді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button