Экономика

Дәнді дақылдарды терең өңдеу қуаты 2029 жылға қарай 5,8 млн тоннаға артады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында дәнді дақылдарды терең өңдеу, мал шаруашылығы мен сүт өнімдерін өндіру және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бағытындағы шаралар туралы баяндады. 2029 жылға дейін дәнді дақылдарды өңдеуге арналған алты ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Дәнді дақылдарды өңдеу қуаты айтарлықтай ұлғаяды

Бүгінгі таңда елімізде жылына 510 мың тонна шикізатты өңдей алатын үш кәсіпорын жұмыс істейді. 2029 жылға дейін крахмал, глютен, биоэтанол, аминқышқылдары және басқа өнімдер шығару үшін алты ірі өндіріс іске қосылады. Жаңа жобалар нәтижесінде өңдеу қуаты жылына 5,8 млн тоннаға жетеді. Биыл Түркістан облысында «Казкрахмал» зауыты, Жамбыл облысында Fufeng Group жобасы іске қосылған.

Аграрлық саланы қаржыландыру және инфрақұрылым

Министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржы ұсыну үшін бюджет және коммерциялық қаражатты біріктіру қағидатын енгізбек. Бұл бағытта «Бәйтерек» холдингі биыл 270 млрд теңге бөледі, оның 64,2 млрд теңгесі мал сатып алуға жұмсалған. Жоспарланған мақсаттарға жету үшін қосымша 84 млрд теңге бюджет несиесі қарастырылған. 2026 жылы Қазақстан Даму Банкі арқылы жобаларды іске асыруға 35 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы техникасын қолдау

Елдегі тракторлар мен комбайндарды өндіруді арттыру үшін биыл «КазАгроФинанс» арқылы 50 млрд теңге несиелеу көзделген. Қосымша 37,5 млрд теңге бөлінсе, 2027 жылы 200 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру мүмкіндігі туады. Сол жылы мал сатып алуға арналған жеңілдетілген несиеге 50 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

Саладағы жаңа технологиялар мен өткізу нарықтары

Салада дәлме-дәл егіншілік пен смарт-фермаларды енгізу, бірыңғай салалық платформа құру, деректер базасын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл агроөнеркәсіп кешені бойынша мәліметтерді біріктіруге, болашақтағы даму сценарийлерін болжауға мүмкіндік береді.

Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткізу нарықтарын кеңейту үшін Сауда және интеграция министрлігі агрологистикалық орталықтар желісін құруда. Шағын өндірушілердің өнімін маркетплейстер арқылы сату жобасы жүзеге асырылуда.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button