Главные новости

Қазақстан картасы табиғи жүннен жасалды: астаналық ұстаз әлемдік рекордқа ұсынды

Астанадағы С.Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ләззат Әбділдақызы табиғи жүннен көлемі 7×4 метр болатын Қазақстан картасын жасады. Ол туындысын әлемдік рекорд ретінде тіркеуге ұсып отыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Киіз Қазақстан картасы қалай жасалды

Педагог картаны оқушыларымен бірге бес ай бойы әзірлеген. Жұмыс «Өнермен өрілген Қазақстан» атты жеке авторлық жоба аясында жүргізіліп, Ұстаздар күніне орай аяқталды. Туындыда елдің тұтастығы, ұлттық мәдениеті, тарихы мен дәстүрлі өнері көркемдік тәсілдермен бейнеленген.

Автордың айтуынша, мектепте ол балаларға киіз басу өнерін үйретіп, түрлі бұйым жасатады. Содан келіп осындай ірі туынды жасау идеясы туған. Карта дәстүрлі киіз басу өнерін заманауи форматта жаңғыртып, ине арқылы піспектеу тәсілімен орындалған.

Әлемдік рекорд 29 қазанда тіркеледі

Жоба GBR GLOBAL BEST OF RECORDS ұйымына ұсынылды. Ұйымнан рекордтық өтінімнің ресми қабылданғанын растайтын хат келген. Рекордты 29 қазанда тіркеу жоспарланып отыр.

Ләззат Әбділдақызы өтінімді өзі жіберген. Оның сөзінше, мақсат — киіз басу өнері көшпенді ата-бабалардан қалған төл мұра екенін әлемге таныту және басқа елдердің оны патенттеп алуына жол бермеу.

Сол күні республика бойынша мұғалімдерді тарта отырып әзірленіп жатқан, қазақтың ұлттық құндылықтарына арналған 500-ге жуық картина да көрсетіледі.

Картаның салмағы және автордың жоспарлары

Киіз картаны жасауға 10-15 келі жіп жұмсалған. Астындағы матамен қоса есептегенде туындының жалпы салмағы 25-30 келіге жетеді.

Автордың алдағы жоспарлары мынадай:

  • рекорд тіркелгеннен кейін киіз картаны Ұлттық музейге өткізу;
  • киіз басу өнерін насихаттау үшін киізден жасалған басқа бұйымдарды Түркияда өтетін көрмеге апару.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button