Общество

900-ден астам адам әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты

Қазақстанда «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» сервисі іске қосылғалы бері 900-ден астам адам әлеуметтік төлем алудан өз еркімен бас тартқан. Бұл қызмет eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында қолжетімді.

Жоғары табысы бар отбасылар бас тартуда

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, әлеуметтік төлемдерден бас тартқан азаматтардың көбі тұрақты кәсібі, жоғары табысы бар, бірнеше жылжымайтын мүлік пен автокөлікті иеленген адамдар. Олардың отбасы бюджетінде мемлекеттік жәрдемақының үлесі айтарлықтай емес.

Мысалы, батыс өңірдегі алты адамнан тұратын, төрт баласы бар отбасының айлық ресми табысы 3,8 миллион теңгеден асқан. Бұл отбасының әр мүшесіне айына 636 мың теңгеден бөлінеді. Сонымен қатар, олардың меншігінде бірнеше пәтер, жер телімі мен көлік бар.

Оңтүстік өңірдегі тағы бір отбасы жалдамалы жұмыс пен жеке кәсіпті қатар алып жүр. Олардың атына бірнеше пәтер мен жер учаскелері тіркелген.

Орталық өңірде тұратын жеті адамнан тұратын ауқатты отбасының табысы айына 2,3 миллион теңгеден көп. Олар да жеке кәсіппен айналысады және элиталық тұрғын үй, бірнеше көлік пен жер учаскелеріне ие.

Әлеуметтік жауапкершілік және қызметтің қауіпсіздігі

Министрлік мұндай қадамды табысы жоғары азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі деп бағалайды. Әлеуметтік төлемдерден бас тарту – әр азаматтың ерікті таңдауы. Бұл шешім көмекке мұқтаж жандарға мемлекеттік қолдауды бағыттауға мүмкіндік береді.

Төлемдерден бас тарту болашақта мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуға себеп болмайды. Егер азаматтың жағдайы нашарласа, ол кез келген уақытта қайта өтініш бере алады.

Министрлік азаматтарға қауіпсіздік талаптарын еске салады: сервис тек eGov.kz пен eGov Mobile арқылы ресми түрде іске асады. Мекеме мессенджер не SMS арқылы сілтемелер жібермейді. Сондықтан тек ресми ресурстардағы ақпаратқа сену керек.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button